Қазығұрт полиция бөлімі бастығының орынбасары қол астындағы қызметкерлерінен ақша бопсалаған
Түркістан облысында қарамағындағылардан ақша бопсалаған полиция полковнигіне қатысты қызметтік тексеру аяқталды. Қазығұрт аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz.
Алматы, NEGE. Бұған дейін полковник Бауыржан Алдабергеновтің қатысы бар видео таралып кеткен еді. Бейнежазбадан қысқа шорты мен майка киген ер адам полиция бөлімшесінің дәлізімен өтіп бара жатқан полицейді шынтағымен екі рет «түйреп жібереді».
Видео авторлары басшы орынбасарының осындай күйде мекемені аралап, қол астындағыларға күш көрсетіп, ақша бопсалайтынын айтқан. Түркістан облысының полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының отырысында қызметкердің жауапкершілігі қаралды.
«Комиссия қорытындысы бойынша басшының орынбасары қызметінен босатылды. Қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайту және жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша кешенді жұмыс жалғасуда», – деп мәлімдеді полиция бөлімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы "Билік пен өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.