Қазгидрометтің күн райына жасаған болжамы қандай?
Қазгидромет 27 қазанда болатын ерекше метеорологиялық құбылыстарға болжау консультациясын жариялады.
Алматы, NEGE. Фронтальды бөліктердің әсеріне байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), елдің оңтүстігінде жаңбыр күтіледі, елдің батысы, оңтүстік-шығысы жоғары қысым өрісінің ықпалында болғандықтан жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Еліміздің солтүстігінде, солтүстік-батысында, орталығында түнде және таңертең тұман, солтүстігінде, солтүстік-шығысында көктайғақ, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында желдің күшеюі күтіледі. Солтүстік Казақстан облысының оңтүстігінде, батысында түнде және таңертең тұман, түнде шығысында, күндіз басым бөлігінде желдің 15-20 м/с күшеюі күтіледі.
Түнде Павлодар облысының оңтүстігінде көктайғақ, солтүстік-шығысында жел 15-20 м/с күшейеді. Түнде және таңертең Ақмола облысының солтүстік-батысында тұман күтіледі. Күндіз Түркістан облысының тау асуларында жел 15-20 м/с күшейеді. Ақтөбе облысының батысында және орталығында түнде және таңертең тұман күтіледі. Түнде Қостанай облысының солтүстігінде, Қарағанды облысының батысында тұман күтіледі, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, батысында жел 15-20 м/с күшейеді. Жамбыл облысының тау және таулы аудандарында тұман, көктайғақ күтіледі, оңтүстік-батыс, солтсүтік-батыстың таулы аудандарында желдің 15-20 м/с күшеюі күтіледі.