«Қазгидромет» Ташкент ауасының ластануына Қазақстанның қатысы бар деген айыптауды теріске шығарды
«Қазгидромет» Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдарында Ташкент өңіріне Қазақстан аумағынан шаң массалары таралғаны туралы жарияланған ақпаратқа түсініктеме берді.
Астана, NEGE. Мекеме мамандары 2026 жылғы 15-22 қараша аралығында Ташкент, Сарыағаш және Шымкент аудандарындағы синоптикалық жағдай мен ауа массаларының кері траекторияларына талдау жүргізген.
Зерттеу нәтижесі қарастырылып отырған кезеңде Ташкент маңында атмосфералық қысым өрісі әлсіз болып, жерге жақын ауа қабатындағы желдің бәсеңдегенін көрсеткен. Ал атмосфераның төменгі қабаттарында Иран, Қызылқұм шөлі және Өзбекстанның оңтүстік-батыс аудандарынан келетін оңтүстік-батыс бағыттағы ауа ағындары басым болған.
«Қазгидромет» мамандары NOAA HYSPLIT халықаралық моделін пайдаланып, ауа массаларының кері траекторияларын есептеген. Нәтижесінде Қазақстан аумағынан Ташкентке қарай тікелей ауа тасымалы болмағаны анықталған.
«Қолда бар мәліметтер мен жүргізілген есептеулер Ташкент қаласындағы PM-10 және PM-2.5 бөлшектерінің жоғары концентрациясына Қазақстан аумағы себеп болды деген тұжырымды ғылыми тұрғыдан дәлелдемейді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар «Қазгидромет» Ташкент ауасының сапасына қаланың ішкі ластану көздері де елеулі әсер ететінін атап өтті. Олардың қатарында көлік, жылыту жүйелері, өнеркәсіп, құрылыс жұмыстары және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар бар.
Бұдан бөлек, мекеме 2015-2025 жылдардағы метеорологиялық деректерді талдаған. Зерттеу Сарыағаш ауданынан Ташкент бағытына қарай ауа массаларының тұрақты тасымалдануы жоқ екенін көрсеткен.
Бақылау деректері бойынша Сарыағаштан оңтүстікке қарай, яғни Ташкент бағытына солтүстік бағыттағы ауа тасымалының қайталану жиілігі небәрі 3-5 пайыз болған.
Мекеме зерттеу нәтижелері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Ресей гидрометеорология қызметінің (Росгидромет) және Беларусь гидрометеорология қызметінің (Белгидромет) сараптамалық қорытындыларымен расталғанын хабарлады.
Бұл мәліметтер Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаеваға жеткізіліп, 2026 жылғы 2-3 қарашада Шымкентте Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі өкілдері мен Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудовтың кездесуінде пайдаланылған.
«Қазгидромет» Өзбекстан БАҚ-тарында Қазақстан аумағын ластану көзі ретінде көрсететін мәлімдемелер жеткілікті ғылыми дәлелдермен расталмағанын атап өтті. Ведомство мұндай ақпарат Ташкент ауасының сапасы нашарлауының себептері туралы қоғамда жаңсақ түсінік қалыптастыруы мүмкін екенін ескертті.