26 апреля 2022 г. 21:52

Қазбек Бейсебаев: Ресей Азов және Қара теңіз жағалауларын енді ешкімге бермейді

Фото:

Ресейдің соғыс салып, Украинаға басып кіргеніне екі айдан асты. Ресей Киевті алудан бас тартып, әскерін елдің шығысына шоғырландырып жатыр. Әзірге итжығыс түсіп жатқаны анық. Десе де, кейбір сарапшылар Ресей етек-жеңін жинап, тағы бір тұяқ серпіп көруге дайындалып жатқанын айтады.

Бұл жолы Украинаға соққы ауыр тиюі мүмкін. Қазақстандық саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Украина президенті Владимир Зеленскийдің қателігін ашып көрсетіп отыр.

Фото: cronos.asia

­Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына екі айдан асты. Осы уақыт ішінде қандай өзгеріс байқадыңыз? Күштердің ара-салмағы ажыратылды ма?

– Ресей мен Украина арасындағы соғыс жер үшін болып жатыр. Патшалық Ресейдің кезінде Таврическая губернияға қарасты және өзге де жерлерді тартып алмақ. Путин «Ресейдің сыйы» деп осы жерлерді меңзеген-ді. Қазірдің өзінде басып алды десек, қателеспейміз.

Қазіргі уақытта ешқандай нақты нәтиже жоқ. Итжығыс түсіп жатыр. Бірақ Ресей Азов және Қара теңіз жағалауларын енді ешкімге бермейді.

Украина жері  ауыл шаруашылығына өте қолайлы. Бидай өсіруден әлемде 7-8 орында болса, күнбағыс өсіруден бірінші, жүгеріден бесінші орын алады. Күнбағыс майын экспортқа көп шығаратын ел – Украина.

Фото: ғаламтордан

Қазір әлемдегі халықтың саны 8 миллиардқа жетті. Азық-түлікке сұраныс арта түседі. Ал Украинаның жері берекелі.

Соғыстың бір себебі – осы құнарлы жер. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде немістер де қара топырақты украин жеріне қатты қызыққан.

­Киевтің құнарлы жерін жауға беріп, қол қусырып қарап отыруына тура келе ме?

– Украинаны әлсіз деп айта алмаймын. Бірақ қару-жарағы, қуаты жағынан Ресей басымырақ. Оның үстіне, Украинаға ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Батыс жеңіл-желпі қару-жарақ бергенімен, шын мәнінде бұл ел жападан жалғыз қалды. Украина қатты қарсылық көрсетіп, соғысып-ақ жатыр. Өзге елдер болса, санкциялық «соғыс» жариялаумен шектеліп отыр. Нақты көмек жоқ.

Сіздің ойыңызша бұл соғыс ұзаққа созыла ма? Қалай аяқталады деп ойлайсыз?

– Ресей 9 мамырға дейін бір нәтижеге қол жеткізу үшін барын салады. Сондықтан олар бірдеңе ұйымдастырып жатыр. Бұрын әскери техникаларында тек қана Z пен V деген таңба болса, қазір O деген таңбасы бар техникалар да көрініп қалды.

Ресей бар күшін жұмылдырып, ауқымды шабуыл жасауды көздеп отыр. Өйткені, Путинге 9 мамырда парадта елінің алдына сөз сөйлеу үшін нақты нәтиже керек.

Бір аптаға ғана созылған қаңтар оқиғасы кезінде біз қандай күйде болдық? Ал Украинада екі айдан бері соғыс болып жатыр. Халық ұзақ уақыт мұндай ауыр жағдайға шыдамайды. Мәселен, Херсон және басқа да ірі қалалар қоршауда. Азық-түлік тапшы. Халықтың жағдайы мүшкіл. Бейбіт өмір бұзылып, экономика күйреді. Мариуполь деген қала жер бетінен жойылып кетті десе де болады.

Мариуполь. Фото: dw.com

Украинадан қандай сабақ алуымыз керек?

– Мынадай соғыс болғанда ешкім ешкімге көмектеспейді. Әр мемлекеттің өз мүддесі бар. Президент миллиондаған адамның тағдырына жауап береді. Путинді жұрт «агрессор» деп жерден алып, жерге салып жатыр. Иә, солай. Бірақ Зеленскийдің де жауапкершілігі бар емес пе? Неге Донбасс мәселесін шешпеді?

Нәтижесі ­– соғыс. Халық қырылды, қанша жерінен айырылды. Елдің басшысы жердің бүтіндігіне, ұлттың тұтастығына, қауіпсіздігіне жауап береді. Оны қалай жүзеге асыратыны ­– өз алдына бөлек әңгіме. Қандай мәселе болса да, эмоцияға салынбай, түйткілдерді бейбіт жолмен шешуге ұмтылу қажет.

Ресей ­– алып мемлекет. Ядролық қару-жарағы бар. Мұндай елмен соғысу өте қауіпті. Мұны ескермеген Украина жерінен айырылды. Бұл барлық мемлекеттерге сабақ болуы тиіс.

Тегтер: