«Қазатомөнеркәсіп» акциялары 4%-дан астам құлады: сарапшылар не дейді?

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары Лондон қор биржасында 4,16%-ға, ал Қазақстан қор биржасында 3,86%-ға арзандады. Сарапшылар негізгі тәуекелдер бағаға әлдеқашан енгізілген деп санайды.

Қазатомөнеркәсіп

Астана, NEGE. Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорындағы сыбайлас жемқорлық ісіне байланысты бірқатар күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Олардың қатарында «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков бар. 

Компанияның топ-менеджерлері ұсталғаннан кейін «Қазатомөнеркәсіп» акциялары Лондон қор биржасында бір жарым сағат ішінде 4,16%-ға арзандап, 53 долларға дейін түскен. Ал Қазақстан қор биржасында (KASE) акция құны 3,86%-ға төмендеп, 24,8 мың теңгені құрады.

Лондон қор биржасындағы алдыңғы сауда күні компанияның жаһандық депозитарлық қолхаттары (ГДҚ) 55,3 доллар деңгейінде жабылды. Ал KASE-де сауда-саттық таңғы сағат 10:00-де басталғандықтан, баға өзгерісі біртіндеп тіркелді.

Компания акцияларының құлдырауы қараша айының басынан бері байқалып келеді. 12 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны белгілі болғаннан кейін KASE-дегі «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 10,59%-ға арзандады. Лондон қор биржасында олардың құны 15,71%-ға төмендеп, 63 доллардан түсті.

Соған қарамастан Teniz Capital Investment Banking сарапшылары компания төңірегіндегі негізгі тәуекелдер акция бағасына әлдеқашан енгізілген деп есептейді. Олардың пікірінше, тергеу ұлттық компанияның ресурс базасына да, әлемдік нарықтағы уранға деген сұраныс перспективасына да әсер етпейді.

Сарапшылардың мәліметінше, 24 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» ГДҚ-лары Лондон қор биржасында 55,3 доллар деңгейінде сауданы аяқтаған. Соңғы бір жылда олардың құны ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 41%-ға төмендеді.

Ал уранның бір фунты қазір шамамен 90 доллардан саудаланып жатыр. Ұзақ мерзімді келісімшарттардағы баға 98–99 долларға жетті.