Қазаннан бастап Алматыда айып тұрағындағы әр күн үшін көлік иелерінен 21 мың теңге алынады
Алматыда 4 қазаннан бастап коммуналдық арнайы тұрақтарға жеткізілген көліктерді эвакуациялау мен сақтау ақысын төлеудің бірыңғай тәртібі енгізіледі.
Астана, NEGE. Жаңа тәртіп Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес заң бұзып ұсталып, арнайы тұрақтарға эвакуацияланған көлік құралдарына қолданылады.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, көліктің барлық санаты үшін эвакуация құны 3 АЕК, яғни 12 975 теңге болады.
Айып тұрағы үшін де жүргізушілерден ақы алынады. Атап айтқанда:
- жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтаудың алғашқы тәулігі үшін 2,5 АЕК – 10 812,5 теңге,
- ал әрбір келесі тәулік үшін 5 АЕК – 21 625 теңге төлеу қажет болады.
Әкімдіктегілер коммуналдық арнайы тұрақтарда тұрған көлік иелеріне автокөліктерін 3 қазанға дейін алып кетуді ұсынып отыр.