«Қазақтың Робин Гуды» атанған Ілияс Сариевке сот үкімі шықты
Бүгін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша айыпталған блогер Ілияс Сариев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды деп хабарлайды NEGE тілшісі.
Алматы, NEGE. Сот үкімімен Ілияс Сариев 3 жыл 8 айға, Ақтоты Дүйсеева 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олар жәбірленушілерге материалдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Ақтоты Дүйсееваның кәмелет жасына толмаған баласының болуына байланысты жазасын өтеу уақыты кейінге шегерілді.
«Сотталушы Ілияс Сариев ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, оған 4 жыл 8 ай мерзімде бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты "Рақымшылық жасау туралы" заңының 3-бабы 4-тармақшасы негізінде Сариевке тағылған жаза 5/1 бөлігіне қысқартылып, ол өтеуі тиіс жаза ретінде 3 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру белгіленсін. Сариев жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтесін.
Сотталушы Ақтоты Дүйсеева ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты Рақымшылық жасау туралы заңының 3-бабы 2-тармағы бойынша Дүйсееваға тағайындалған жаза 3/1 мерзімге қысқартылып, ол өтеуге тиіс жаза ретінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру белгіленсін. ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде сотталған Дүйсееваға тағайындалған бас бостандығынан айыру туралы жаза оның 2014 жылы туған баласы 14 жасқа толғанға дейін, яғни 2028 жылдың 2 мамырына дейін кейінге қалдырылсын», - деді судья Қасымов.
Сотталушы Ақтоты Дүйсеева сот залында қамаудан босатылды. Ол жәбірленушілерге материалдық шығынды өтеуге міндетті.
Естеріңізге сала кетейік, сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушылар Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылған. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.