14 ноября 2025 г. 16:21

«Қазақтың Робин Гуды» ісі бойынша айыптау актісі толықтырылады

Фото: NEGE

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі. 

Өзін «Қазақтың Робин Гуды» деп атайтын блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталып, осы аптада тараптардың жарыссөзі басталатыны хабарланған болатын.

Алайда судья Ернар Қасымбековтің қаулысымен сот тергеуі қайта жанданатыны белгілі болды. Бұған айыптау актісін зерделеу барысында қосымша сұрақтардың туындағаны себеп болған. Сонымен қатар прокурордың айыптау актісінде жәбірленушілердің сотталушыларға ақша аударған уақыты нақты көрсетілмеген. Сол себепті судья прокурорға жаңартылған айыптау актісін ұсынуды тапсырды.

Сонымен қатар келесі сот отырысына Ілияс Сариевпен бірге жұмыс істеген мобилографтар мен «MM Travel» туристік компаниясында жұмыс істеген менеджерлер куәгер ретінде шақырылады.

Іс бойынша жәбірленушілердің бірі Айжан Жүргенбаева келтірілген шығынның толық өтелуіне байланысты Ілияс Сариевті кешіргені туралы қолхат жазып берген. Оны Сариевтің адвокаты Эльнура Кішкенебаева оқып беріп, аталмыш эпизодты өндірістен қысқартуды сұрады.

Сот отырысында тағы бір маңызды жайт белгілі болды. Сариев 2025 жылдың басында Астанада Дүйсееваға тиесілі пәтерді уақытша сатып алу-сату келісімі арқылы сатуды сұраған. Ілияс Сариев оған біреулерден қомақты мөлшерде ақша қарызға алғанын және оны жабуға мәжбүр болғанын айтқан. Кейін ол бұл пәтерді өз атына рәсімдеп, кейін қайта сатып аламын деп уәде берген, алайда уәде орындалмаған.

Фото: NEGE

Сот отырысындан Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсеева қайта жауапқа алынды. Олар өздерінің бұған дейін сотта берген жауаптарын растадв. Сариев өзінің құмар ойындарға ақша салмағанын айтып, ақталуда.

Фото: NEGE

Сонымен қатар сот отырысына Ілияс Сариев қызының еміне ақша жинап беруге уәде еткен жәбірленуші Хайруллаева келді. Оны айтуынша, Сариев оның қызын Үндістанда емдетуге қажетті 20 млн теңгені халықтан жинап беремін деп, шамамен 1,5 млн теңгесін алған. Ілияс Сариев бұл қаражатты мобилографтардың жалақысы мен видеоның монтажына қажет екенін айтқан. Ал ол қаражатты жәбірленушіге Шелек ауылының тұрғындары қызының еміне деп жинап берген. Екі ортада ақша да жоқ, уәде етілген видео да жоқ деп ашынды жәбірленуші.

Қазір қызының денсаулығы нашар, сол күйі Үндістанға барып, ем ала алмаған.

Естеріңізге сала кетейік, Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.