«Қазақтың Робин Гуды» қажылықтың ақшасын құмар ойындарға жұмсаған. Өзі мойындамайды
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.
Бүгінгі сот отырысында Ақтоты Дүйсееваның телефоны зерделенді. Ол бұған дейінгі сотта берген жауабында өзінің Kaspi қосымшасын І.Сариевтің пайдаланғанын айтқан болатын.
«Компанияны Сариевпен бірігіп ашқанымызды айттым. Кассадан үлкен көлемде қаражат алынған. Сол қаражат орнына қайтпағаннан кейін, мен қажылыққа баратын адамдардың бір легінің қаражатын, екінші лектің қаржысымен жауып отырдым. Мысал келтіріп айтатын болсам, наурыз айының басында баратын топты наурыз айының ортасында немесе соңында кететін қажылардың ақшасымен жіберіп отырдық», – деген еді Дүйсеева.
Ақша қайда жұмсалды? Не себепті жетпей қалды?
Прокурордың нақтылау сұрағына Ақтоты Дүйсеева «ол қаражатты І.Сариев құмар ойынға жұмсады» деп жауап берген.
Сотта Дүйсееваның телефонын зерделеу кезінде банк қосымшасының ішінен І.Сариевтің құмар ойындарына бәс тіккен ақшаның сомасы қаралды.
«22 маусым 2024 жылы букмекерлік кеңсеге 600 мың теңге, 400 мың теңге; 25 маусымда 500 мың теңге; 26 маусымда 200 мың теңге; 30 маусымда 500 мың теңге, 300 мың және 150 мың теңге; 1 шілде 180 мың теңге; 14-шілдеде 700 мың теңге аударылған», – деді судья телефондағы төлемдерді зерделеу кезінде.
Бұл мәліметтерге І.Сариевтің адвокаты Э.Кішкенебаева қарсы шықты. Айтуынша, бұл аударымдар 2024 жылы жасалған. Ал істе 2025 жыл айтылады. Десе де, А.Дүйсеева 2025 жылы осы жағдайға қатысты дауласқаннан кейін құмар ойындарға ақша аударымдары жасалмаған. Бірақ достары арқылы құмар ойындарға бәс тіккен. Сол себепті, 2025 жылға қатысты ақша аударымдары қосымшада жоқ.
Сотталушы І.Сариевтің өзі бұл аударымдарды жоққа шығарды. Яғни, ешқандай құмар ойынға құмартқан емеспін дегенді айтып отыр. Ақшаның қайда кеткенін де білмейтін болып шықты.
Естеріңізге сала кетейік, Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.