«Қазақтелеком» астаналықтарды жүйрік интернетпен қамтамасыз етті
Қазақстанның жетекші байланыс операторы «Қазақтелеком» елордадағы «Амстердам» тұрғын үй кешенін ең заманауи GPON технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосты. Енді бұл үйде тұратын оқушылар мен студенттер еш кедергісіз онлайн-сабақтарға қатысып, ал ересектер қашықтықтан жұмыс істей алады.
Сапасыз байланыстан әбден зорыққан тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жүйрік интернеттің тартылғанына орай, тұрғын үй кешенінің ауласында ұлттық оператор ұйымдастырған ойын-сауық кешіне үлкенді-кішілі бәрі тартылды.
Бұл мереке алда келе жатқан Балаларды қорғау күніне де орайластырылған. Сондықтан, «Амстердам» ауласында балақайларға батут орнатылып, көңілді ән қосылды. «Қазақтелеком» мамандары олармен ойын ойнап, ойыншықтар тарту етті.
Тұрғындардың қуанышын бөлісу үшін «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев мерекелік іс-шараға арнайы келді. Құр қол емес, жылы лебізін, құнды сыйлықтарын да ала келуді ұмытпапты. «Бізге жылдам интернет қосып берген ағай» деп балалар Есекеевті қоршап, онымен қол алысқанға мәз-мейрам болып, жадырап қалды.
«Сапалы интернет қосу өмірлік қажеттілікке айналды. Болашақта абоненттердің жоғары жылдамдықтағы интернет пен түрлі теледидар арналарына қажеттілітері тек арта түсетін болады. Бұл қажеттіліктерді GPON технологиясы толығымен қамтамасыз етеді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ филиалы – ОӨТД В2С сегментіндегі коммерциялық директоры Дамир Сейсембеков.
GPON технологиясының артықшылығы неде? Абоненттің пәтеріне талшықты-оптикалық желі өткізіледі. Тұтынушы бір ғана кабель арқылы бірден бірнеше байланыс қызметтерін – интернет, теледидар және телефонды іске қоса алады. Мысалға, «Амстердам» ТК тұрғындары таңдаған тарифтік жоспарда 200-ден 500 Мбит/с дейін үй интернеті және 175 арнадан тұратын цифрлы интерактивті теледидарды қолдану мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл тұрғындарға өте тиімді. Әсіресе, коронавирустық пандемия уақытында.
«Амстердам» тұрғын-үй кешенінде тұратын Берік Масалимов осы уақытқа дейін интернеттің баяу ұстағанына шамданатын. Карантин кезінде тұрғындар мобилді интернетке қосылып, ноутбукпен жұмыс істеуге тырысқан. Алайда, бұндай байланыстың мүмкіндіктері шексіз емес. Соның салдарынан Масалимовтың өзі де, көршілері де біраз әбігерге түсіпті.
Ал тұрғын Мәдина Құсайынованың балалары 5 және 7 сыныпта оқиды. Онлайн-сабақ барысында нашар интернет шәкірттерге білім алуға кедергі тудырған.
«Үй тапсырмасын шұғыл тапсыру керек болған жағдайда ұялы телефонмен, кітаптарымызбен аулаға шыққан кездеріміз де болды. Бұл әрине ыңғайсыз. Тіпті wi-fi күшейтетін арнайы құралды да алдық, оның да көмегі болған жоқ. Бұлай жалғасуы мүмкін емесін түсініп, «Қазақтелеком» компаниясына интернет қызметін қосу туралы өтінішпен хабарластық. Себебі, бұрын тұрған үйіміз «Қазақтелекомға» қосылған еді, ол кезде интернет сапасы көңілімізден шыққан. Қазір де сондай үмітіміз бар», – дейді Құсайынова.
Кеңес беруші мамандар Құсайыновтар жанұясына теледидар, интернет, үй телефоны және сим-карталары бар өте ыңғайлы «Ultra» тарифтік жоспарын таңдап берді. Бұл тариф айына 7 500 теңге тұрады және, Дамир Сейсембековтың айтуынша, тарифтік жоспар өз бағасын толығымен ақтайды. Себебі, 500 Мбит/с жылдамдық бүкіл отбасының сұранысын қанағаттандырады. Пәтердегі барлық кісі WI-FI-ға қосылса да, желі тұрақты болып қала бермек. Көлемді файлдар, қызықты ойындар лезде жүктеледі.
GPON технологиясына қосылу үшін «Қазақтелеком» кеңсесіне барудың да қажеті жоқ. Барлық сұрақтарды компанияның WhatsApp және Telegram секілді онлайн-арналарына жолдауға болады. Мәселен, +7708000160 нөмірі бойынша Whatsapp Business абоненттерге 24/7/365 тәртібінде қол жетімді.
Оның үстіне, «Амстердам» ТК-нің маңынан оператор уақытша кішігірім кеңес беру нүктесін орналастырды. Мамандар кеңес беріп, қажет болса, сол жерден интернет қосып берді.
Айта кету керек, жыл басынан бері GPON технологиясы 39 тұрғын үй кешеніне тартылған. «Қазақтелеком» биылғы жылы елордадағы 100-ге тарта тұрғын-үй кешеніне оптика желісін жүргізіп, шамамен 30 мыңға жуық азаматқа сапалы телекоммуникация қызметтерін қосуды жоспарлап отыр.
Қуанышбек Есекеев компанияның алға қойған жоспарларымен де бөлісті. «Қазақтелеком» цифрлық теңсіздікті қалпына келтіру стратегиясын ұстанады. Кеңжолақты интернет желісін дамыту жобасы аясында, 2022 жылы «Қазақтелеком» астанамыздың 71 тұрғын үй кешеніне телекоммуникация желісін жүргізіп, 16 мыңнан астам жаңа абоненттерге жоғары жылдамдықты интернет, сапалы байланыс және басқа да қызмет түрлерін қосуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, 2022 жылдың 1 тоқсанында Нұр-Сұлтанның жеке секторлары, сондай-ақ қала маңындағы елді мекендері: Қосшы, Қараөткел, Қаражар, Талапкер, Қоянды ауылдарына, Оңтүстік- Шығыс ы/а, «Үркер» (Ильинка)ТК және «Көктал»ТК тұрғындарына FWA технологиясы бойынша қызмет түрлерін сымсыз қосу жұмыстарын іске қосу күтілуде.