Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Каспийде оқу-жаттығу өткізіп жатыр

Каспий теңізінің қазақстандық секторында әскери теңізшілер зымыран-артиллериялық корабльдер топтарын жауынгерлік жағдайда қолдану іс-қимылдарын пысықтауда, деп хабарлайды «ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Астана, NEGE. «Қарулы күштерде жауынгерлік оқу шаралары Қазақстан Президентінің армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде өткізілуде.

Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов басшылық жасауда», - делінген министрлік мәліметінде.

Маневрлер барысында экипаждардың дайындық деңгейі жетілдірілуде. Сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің аумақтық тұтастығын, егемендігін және экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындаудағы өзара іс-қимыл тәртібі пысықталып жатыр.

 «Оқу-жаттығуда теңізде апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету бойынша экипаждардың құтқару іс-қимылдарына ерекше назар аударылған. Бұдан бөлек, әскери теңізшілер кемелерді диверсияға қарсы қорғау, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен шартты қарсыластың катерлеріне қарсы тұру шараларын жүргізу үстінде», - деп нақтылады ведомстводан.