Қазақстанның жүргізуші куәлігі БАӘ-де жарамды деп танылды
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану жөнінде келісімге келді.
Астана, NEGE. Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Біріккен Араб Әмірліктері премьер-министрінің орынбасары әрі ішкі істер министрі Шейх Саиф бен Заид Әл Нахаян келіссөз жүргізіп, жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ мәліметінше, жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне шамамен 400 мың Қазақстан азаматы барады. Сонымен қатар БАӘ аумағында 14 мыңға жуық қазақстандық тұрақты тұрып жатыр. Құжат екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және қосымша қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Меморандум ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тануды, сондай-ақ құжатта көзделген жағдайларда оларды жеңілдетілген тәртіппен айырбастауды қарастырады», – делінген хабарламада.
Меморандум тараптар қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді толық аяқтағаннан кейін күшіне енеді.