Қазақстанның ұны АҚШ нарығына шықты

Отандық өнім АҚШ-тағы Amazon және Walmart онлайн платформаларында сатылуда. Алғашқы 50 тонна бидай ұны Нью-Йоркке жеткізіліп, Eurasian Legacy брендімен тұтынушыларға ұсынылды.

Pixabay

Алматы, NEGE. Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 17 қыркүйекте ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.

Ақпаратқа сүйенсек, Amazon-дағы қазақ ұнының бағасы – 1,36 келі қаптамасы үшін $14,50. Қаптамада «Product of Kazakhstan» деген белгі бар. Бұл белгі «Қазақстанда жасалған» брендінің танымалдығын арттырып, экологиялық таза әрі сапалы өнім жеткізуші ел ретінде имиджімізді қалыптастырады.

Онлайн саудадан бөлек, қазір қазақстандық ұнды мейрамханаларға, кофеханаларға және жергілікті асханаларға жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Сонымен бірге, АҚШ-тың ірі сауда желілері – Costco, Whole Foods және Trader Joe’s дүкендеріне шығу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

«Біз ұнмен ғана тоқтап қалмаймыз. Қарақұмық, гранола, талқан, шоколад пен какаоны да таныстырдық. Нью-Йорк, Чикаго және Вашингтондағы серіктестеріміз бұл өнімдердің сапасын көрді. Американың нарығына шығу шілде айында Вашингтонда QazTrade кеңсесі ашылғаннан кейін мүмкін болды. Нәтижесінде дистрибьюторлар мен ритейлермен тікелей жұмыс істеуге жол ашылды. Енді осы қалаларда қазақстандық өндірушілердің бизнес-миссиясын өткізген дұрыс болады деп отырмыз. Бұл серіктестермен байланысты нығайтып қана қоймай, табиғи өнімдерді жоғары бағалайтын HoReCa сегментіне шығуға мүмкіндік береді», – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Қазір оқып жатыр

Жас балалары бар жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынады

Алматы әкімдігі 800 млн теңгеге жер телімін заңсыз сатып алмақ болған

Өскеменде Жақсылық Омардың ісі бойынша сот отырысы басталады

Тоқаев Трамптан хат алды