16 января 2026 г. 11:10

Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы өмірден өтті

Фото: muftyat.kz

Қаралы хабарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы растады.

Астана, NEGE. Діни басқарманың ресми сайтында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының марқұм болған Рәтбек қажы Нысанбайұлының отбасына көңіл айту хаты жарияланды.

«Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміз қайтыс болды деген қаралы хабар менің де жаныма қатты батты.

Жуырда ғана Рәтбек ұстаздың үйінде болып, ахуал сұрасып, сұхбаттасқан едік. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен. Алла алдынан жарылқасын. Иманы өзіне серік болсын. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан марқұмның отбасына, туған-туыстарына, еліміздегі барша мұсылман қауымына көңіл айтамын. Марқұмның мәңгілік мекені жәннат болғай», – делінген жазбада.

Наурызбай қажы Тағанұлы Рәтбек қажының мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түскенін атап өткен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан астам мешіт салдыруға ықпал еткен.

Мүфтият мәліметінше, Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылдың қарашасында Түркістан облысында дүниеге келді. ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірген. Ол 1964 жылы Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесін және Бұхара педагогикалық институтын тәмамдаған. 1969-1975 жылдары Ливия университетінің Шариғат және құқық факультетінде діни білім алған. 1979 жылдан бастап Қазақстанның қазиі болған.

1990 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрып, бас мүфти болып сайланған.

Рәтбек қажы Діни басқарманы он жыл басқарды.