Қазақстанның сыртқы қарызы 182,8 млрд долларға жетті

Ұлттық банк мәліметінше, Қазақстанның сыртқы борышыны жыл басынан бері 0,9 млрд долларға ұлғайып, 182,8 млрд доллар болды.

magnific.com

Астана, NEGE. Банк өкілдерінің түсіндіруінше, сыртқы борыш бағаның және басқа өзгерістердің ұлғаюына байланысты өскен. Бұл ретте өтеу мерзімі бойынша сыртқы қарыздың 87,1%-ы ұзақ мерзімді қарыз екені айтылды.

«Бұл бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін азайтады, ал екінші жағынан, жалпы нарықтық талаптар өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді», – делінген ресми ақпаратта.

Сыртқы қарыздың 69,2%-ы бейрезиденттерден тартылған несиелер мен кредиттер болса, 13,0%-ы бейрезиденттердің қолындағы борыштық бағалы қағаздар екені мәлім болды.

Еске салсақ, 29 маусымда сенаторлар Халықаралық қайта құру және даму банкінен және  Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен қарыз алуға қатысты құжатты ратификациялаған болатын. Құжатқа сәйкес, Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92,3 млрд жапон йені, ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 62,3 млрд жапон йені көлемінде қарыз тартылмақ, теңгеге шаққанда қарыздық жалпы сомасы 460 млрд теңгеден асады.