Қазақстанның қалалары мен ауылдарында сумен жабдықтау жүйесін салуға және жаңғыртуға 188 млрд теңге бөлінді
Биыл республикалық бюджеттен және Арнаулы қордан сумен жабдықтау бойынша 445 жобаны іске асыруға 188 млрд теңге бөлінді.
Алматы, NEGE. Бағдарлама шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ су құбыры желілерін реконструкциялау және кеңейту жүзеге асырылуда. Ірі қалаларда су тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бірқатарында аяқталған.
Ұзындығы 8,5 мың шақырымнан асатын қолданыстағы желілерді реконструкциялау және кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді.
Сондай-ақ бірқатар ірі қалада су тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту жолымен ауыз судың сапасы мен тапшылығы мәселелері шешілді.
Астана қаласында құны 118 млрд теңге болатын су сорғы-фильтр стансасы салынып, магистралдық су құбыры қайта жаңғыртылды. Атырауда 17 млрд теңге сомаға сүзгі стансасын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды және Қостанай мен Көкшетауда су тазарту құрылыстарын жаңғырту аяқталуға жақын.