Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев дүние салды

Қазақстанның халық әртісі, театр режиссері, профессор Есмұхан Обаев 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астана, NEGE. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді. Министрлік өкілдері Есмұхан Обаевтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына қайғыра көңіл айтып, театр тарланының ұлттық мәдениеттің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өткен.

«Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға болатын. Ұлт мәдениетінің мерейін өсірген, театр өнерінің абыройын асқақтатқан ардақты азамат қай кезеңде де өнерге адалдықтың, кәсібіне жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді. Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар мен қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында мәңгі сақталады», – делінген хабарамада.

Есмұхан Обаев 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылында дүниеге келген. Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінің режиссерлік бөлімін бітірген. Қазақстанның белді театрларында қоюшы-режиссер, көркемдік жетекшісі болған. Сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Мәдениет министрлігінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, мемлекеттік стипендияның лауреаты.

Қазір оқып жатыр

FlyArystan ұшағы Шымкентте итті қағып кетті

Депутат такси жүргізушілері мен курьерлерге сағаттық төлем енгізуді ұсынды

Павлодарда оқ жарақатын алған әскери қызметшінің қазіргі жағдайы мәлім болды

Екібастұзда мас күйдегі ер адамдар дәрігер мен медбикені соққыға жықты