21 декабря 2025 г. 13:07

Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов өмірден өтті

Фото: instagram.com/assanali.ashimov

Қайғылы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді.

Астана, NEGE. Кино және театр актері Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүние салды.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Халық әртісі, қазақ және әлемдік театр мен кино өнерінің көрнекті өкілі Асанәлі Әшімұлы Әшімовтің өмірден озуына байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.

Асанәлі Әшімұлы ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ театр және кино өнерінің биік кәсіби мектебін қалыптастырған дара тұлға болды. Оның сахна мен экранда жасаған көркем бейнелері, режиссерлік және педагогикалық қызметі отандық өнер тарихында айрықша орын алады.

Марқұмның жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болғай», – делінген министрлік хабарламасында.

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Ол Қазақ КСР халық артисі, КСРО халық артисі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері атанған.

Актер театр сахнасында М. Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М. Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан рөлдерін сомдаған.

Ал «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» сынды фильмдерегі рөлдері арқылы қазақ киносын әлемге әйгілі етті.