Қазақстанның ең мықты университеттерін кімдер басқарады?
Қазір мектеп бітірген жас түлектер үшін ҰБТ тапсыратын шешуші кезең. Жаздың бірінші айы тағдырлы тестілеумен өтсе, екінші айы жоғары оқу орнын таңдауға арналады. Арман қуған түлектер мен перзентінің болашағына алаңдаған ата-аналардың алдында сан түрлі таңдау тұр. Дегенмен көпшіліктің оқу орнын заманауи ғимаратқа, жарнамаға және халықаралық рейтингтерге қарап таңдайтыны жасырын емес.
Астана, NEGE. Шындығында, жоғары оқу орындары (ЖОО) – тек маман даярлайтын жер емес. Сондай-ақ, ол – үлкен саясат, миллиардтаған қаржы мен ықпалды әулеттердің мүддесі тоғысқан мекен. Университет басшысының кім екені – оқу орнының ішкі климаты мен білім сапасына тікелей әсер ететін басты фактор. Сол себепті тәуелсіз зерттеулер мен ашық дереккөздерге сүйене отырып, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен жекеменшік оқу орындарының қожайындары туралы зерттеп көрдік.
Мемлекеттік және халықаралық ЖОО-лар: үлкен саясат пен миллиардтар дауы
Елдің басты мемлекеттік және ерекше мәртебеге ие оқу орындарының басшылық құрамында шетелдік топ-менеджерлер мен ескі саяси элитаның өкілдерін кездестіруге болады.
Nazarbayev University. Бұл жетекші жоғары оқу орнының басшысы – Вакар Ахмад. 2024 жылдан бері университеттің президенті лауазымын атқарып келеді. Еңбек жолын Йорк және Лондон университеттерінің профессоры ретінде бастап, Мидлсекс университетінің проректорына дейін өскен. 2001–2004 жылдары Ұлыбритания премьер-министрі кеңсесінің ғылым департаментін басқарса, 2017 жылдан бастап Абу-Даби университетінің ректоры болды. 2025 жылы ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның құрамына енген.
Вакар Ахмад осы университетті 13 жыл бойы басқарған Шигео Катсудың орнына келді. 2023 жылғы желтоқсанда экс-президент Катсу Nazarbayev University-дің болашағына қауіп төніп тұрғанын айтып, Аслан Сәрінжіповтің университетке қайта оралуын сынға алған еді. Оның сөзінше, бұрын жүргізілген аудит барысында қаржылық заңбұзушылықтар анықталғанына қарамастан, Сәрінжіпов атқарушы вице-президент қызметіне қайта тағайындалған. Бұған жауап ретінде 2025 жылдың басында NU әкімшілігі Шигео Катсу мен американдық New Generation Foundation (NGF) қорынан 65 миллиард теңге талап етіп, ірі сот талап-арызын дайындап жатқанын мәлімдеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Униерситет ректоры – Жансейіт Түймебаев. Бұл қызметке 2021 жылы кіріскен. Түймебаев саяси салмағы ауыр тұлға. Бұған дейін Ресей Федерациясы мен Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елші, білім және ғылым министрі (2007–2010), Түркістан облысының әкімі (2018–2019) қызметтерін атқарған.
Алайда оның мансабы сыни оқиғаларға толы. Министр кезінде оқулықтардағы қателер, 12 жылдық білім реформасы және ҰБТ даулары үшін, сондай-ақ студенттік несиелердің кешігуіне байланысты сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің сынына ұшыраған болатын. Әкім кезінде іске қосылмаған зауыт пен Сарыағаштағы резонансты іс бойынша да біршама сынға қалды. Ал университет басшылығына тағайындалғалы бері ҚазҰУ студенттерінің жеке медициналық деректері тараған болатын.
Айта кетейік, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде оның 26 жасар ұлы Елнар Түймебаевқа белгісіз адамдар оқ атып, оқиға орнында қаза тапқан еді.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ. Басқарма төрағасы – Ерлан Сыдықов. Бір оқу орнын ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан тұлғалардың бірі. Бұл қызметті 2011 жылдан бері атқарып келеді. Одан бөлек, Семей мемлекеттік университеті мен Педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған. Сондай-ақ ШҚО және Астана қаласы мәслихаттарының бірнеше шақырылымының депутаты болды.
2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін 2020 жылға дейін референдум арқылы созуды ұсынған бастамашыл топтың басты мүшелерінің бірі ретінде танымал. 2018 жылы оның туған інісі – Жарма ауданының экс-әкімі Нұрлан Сыдықов ҰҚК тарапынан пара алды деген күдікпен ұсталып, сотталған еді.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ. 2022 жылдан бері университет тізгіні Марат Шорановтың қолында. Ол денсаулық сақтау саласында түрлі қызметтер атқарып, денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына дейін көтерілген. Саяси даулардан алшақ болғанымен, биылғы кадрлық тағайындауы қоғам назарын аудартты.
Жыл басында Шоранов бірінші проректор етіп Диляра Қайдарованы (Ұлттық ғылыми онкология орталығының бұрынғы басшысы) тағайындады. Қайдарова – өте білікті онколог қана емес, белгілі продюсер Баян Алагөзованың құдағиы. Ұлы Әлішер Қайдаров пен Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбек – ерлі-зайыптылар.
Satbayev University Жетекші ғылыми-техникалық университеттің басшылығында Мейрам Бегентаев отыр. Бұл қызметке 2021 жылы кірісті. Бұған дейін Торайғыров университетінің бұрынғы ректоры, Павлодар облысы әкімінің орынбасары және мәслихат депутаты болған. Қоғамдық үлкен дауларға аты араласпаған шенеунік-менеджер.
Жекеменшік ЖОО-лар: олигархтар мен нарық қасқырлары
Жекеменшік ЖОО секторы да қызық жағдайларға толы. Мұнда мемлекеттік жоғары оқу орындарындағыдай бұрынғы лауазымды тұлғалар мен саяси фигуралар басшылық етпейді. Көбіне билік экс-президент тұсында байыған олигархтардың, ықпалды әулеттер мен халықаралық деңгейдегі менеджерлердің қолында.
ҚБТУ. Университет басшысы – Маратбек Ғабдуллин. Қызметке нақты қай уақыттан кіріскені беймәлім, бірақ ашық дереккөздерде 2021 жылы ректор міндетін атқарушы қызметіне кіріскені жазылған. Ректордың төңірегінде дау жоқ, алайда университет ғимараты мен оның активтеріне қатысты біршама дау болған.
2024 жылы Алматы прокуратурасы ҚБТУ акцияларын сату мәмілесінің заңдылығына күмән келтіріп, сотқа арызданды. Екі сот инстанциясы да мемлекет пайдасына шешіліп, ЖОО-ның 100% акциясы мемлекет қарамағына өтті. Динара Құлыбаеваға қарасты NNEF фонды бұл шешіммен келіспей, соттасуды жалғастыратынын мәлімдегенімен, 2026 жылдың басында Құлыбаевтар ҚБТУ-дың тарихи ғимаратын өз еркімен және өтеусіз негізде мемлекет меншігіне тапсырды. Ал университеттің өзі фондқа қарайды.
KIMEP. Университеттің негізі қаланғаннан бергі президенті – Бэнг Чан Йан. 2000 жылы бұл беделді мемлекеттік институт Назарбаевтың жарлығымен Бэнг Чан Йанға сенімгерлік басқаруға, кейіннен сатып алу құқығымен берілген. 2004 жылы оқу орны жартылай жекеменшікке айналып, акцияның 60%-ы Бэнг Чан Йанға, ал 40%-ы Білім және ғылым министрлігіне тиесілі болды. Алайда 2023 жылы БАҚ беттерінде KIMEP кезінде тым төмен бағамен жекешеленіп кеткен деген күдікке ілініп, сол тұстағы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл жағдайды шұғыл тексеруді және нәтижесін Бас прокуратураға жолдауды тапсырған болатын.
Жақында KIMEP тағы дауға қалды. Университеттің бұрынғы деканы 20 жастағы қызының оқытушы тарапынан сексуалдық қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, университет қызды қорғаудың орнына, түнде полицияның қатысуымен ұзақ уақыт жауап алған. Оқытушы жұмыстан босатылғанымен, іс құқық қорғау органдарына жолданбаған. Кейін ол Қазақстаннан кетіп қалған. Полиция университеттен мұндай хабарлама түспегенін растады. Министрлік бұл істі назарда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Осыдан кейін студенттер бұрын шетелде осындай айыппен жұмыстан шығарылған тағы бір оқытушыны да тексеруді талап етті.
NARXOZ. 2024 жылдан бері университетті Қанат Қожахмет басқарып келеді. Бұған дейін ол СДУ, Astana IT және OpenU сияқты жоғары оқу орындарының ректоры қызметін атқарған. Нархоздың жалғыз әрі заңды құрылтайшысы – Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі Болат Өтемұратов. Бизнесмен қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы Forbes тізімінде 3-орында, ал әлемдік рейтинг бойынша 780-орынды иеленген. Оның байлығы 5,4 млрд долларға бағаланды.
Бұл оқу орнында заңнамалық талаптар бойынша шикіліктер анықталды. Мәселен, 2025 жылғы 2 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) акцияларды орналастыру туралы ақпаратты уақтылы ұсынбағаны үшін «Нархоз» университетіне ресми түрде жазбаша ескерту жасады.
Мақсұт Нарикбаев атындағы университет (MNU). Қарқынды дамып келе жатқан бұл университеттің тізгіні Талғат Нарикбаевтың қолында. Ол бұл қызметті 2013 жылдан бері атқарып келеді. Талғат Нарикбаевтың әкесі Мақсұт Нарикбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың досы әрі сыныптасы болған.
Бұл оқу орны бастапқыда заң саласының элиталық кадрларын даярлау үшін мемлекеттік қолдаумен ашылған.
Тұран университеті. Бұл университетті отандық білім нарығының рекордсмені деп атауға болады. 1992 жылдан бері, яғни 34 жыл бойы ректорлық қызметті Рахман Алшанов атқарып келеді. Бір жағынан, бұл заңды құбылыс. Себебі университеттің негізгі құрылтайшылары Алшановтар әулетінің өзі.
Рахман Алшанов тек білім саласымен шектелмей, саяси элитамен де тығыз байланыста болған. Ол Алматы қаласы мәслихатының депутаты болды және екі президенттің де сайлауалды науқаны кезінде Алматы қалалық қоғамдық штабын басқарды. Ірі жанжалдарға аты араласпаған, жүйемен тіл табыса білетін басшы.
Сүлеймен Демирел атындағы университет (SDU). 2022 жылдан бері ректоры – Әлімжан Игенбаев. Мансабы тек білім саласында өткен, түрлі басшылық қызметтерді атқарған.
Университет те, оның басшысы да қоғамдық немесе қаржылық даулардан ада.
Astana IT University. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік құрылымдарының қолдауымен ашылған заманауи жоба. 2025 жылдан бері университеттің ректоры қызметін Альтаир Ахметов атқарып келеді. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметтер атқарған. 2019 жылы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болды, ал 2019–2023 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімін басқарды. Басшылықтың саяси салмағы жоғары болғанымен, университет те, Ахметовтің өзі де әзірге ешқандай қоғамдық немесе қаржылық дауға ілікпеген.
Айта кетейік, Astana IT University Динара Құлыбаева негізін қалаған NNEF қорының білім беру кластеріне кіреді және Halyk қайырымдылық қоры арқылы Тимур Құлыбаев тарапынан қолдау табады.
AlmaU (Алматы Менеджмент Университеті). Бұл ЖОО нарықта алғашқы жекеменшік бизнес-мектептердің бірі ретінде белгілі. 2026 жылдың наурыз айында ректорлық қызметке Тимур Булдыбаев сайланды. Оған дейін ол осы оқу орнында бірінші проректор болып, ішкі жүйені меңгерген маман.
Булдыбаев бұған дейін Ғылым министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығында, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығында және Еңбек министрлігі жанындағы Дүниежүзілік банктің «Skills and Jobs» халықаралық жобасында басшылық лауазымдарды атқарған. Ректор мен ресми тіркелген құрылтайшылары қоғамдық жанжалдардан қашық.