20 июля 2025 г. 8:40

Қазақстанның бірнеше өңірінде аптап ыстық болады – Қазгидромет

Фото: pixabay.com
2025 жылғы 20 шілде, жексенбі күні Қазақстан аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Алматы, NEGE. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.

Синоптиктердің айтуынша, елдің шығысы мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда ғана атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты құбылмалы ауа райы сақталады.

«Шығыс өңірлерде найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал. Түнде кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, оңтүстікте шаңды дауыл, ал солтүстік пен солтүстік-батыста түнгі және таңғы уақытта тұман болады», – деп хабарлады синоптиктер.

  • Маңғыстау облысында ауа температурасы +38…+42 градусқа дейін көтеріледі;
  • Атырау облысында – +39 градусқа дейін;
  • Батыс Қазақстан облысында – +37 градус;
  • Жетісу және Алматы облыстарында – +35…+38 градус;
  • Абай облысының оңтүстігінде – +35 градусқа дейін;
  • Түркістан облысының оңтүстігінде – +42 градусқа дейінгі аптап ыстық күтіледі.

Синоптиктер аптап ыстық пен ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұрғындарға мынадай сақтық шараларын ұсынады:

  • күннің белсенді уақытында (сағат 11:00-17:00) ашық далада ұзақ болмау;
  • бас киім және жеңіл киім кию;
  • көп су ішу және денені күннен қорғау;
  • найзағай кезінде биік ағаштар мен ашық жерлерден аулақ болу.