Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс ашылуы мүмкін: FAA шешуші тексерісті бастады
21–25 қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) жұмысын жүргізеді.
Астана, NEGE. Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, IASA бағалауы ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін одан әрі жетілдіру және Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі жұмысты ілгерілету жолындағы маңызды кезең болып саналады.
IASA бағалауы барысында FAA сарапшылары авиациялық заңнаманы, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ ХААҰ-ның ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету жүйесінің сегіз сыни элементіне сәйкес мемлекеттің қадағалауды іске асыру қабілетін қарастырады.
2026 жылғы бағалау FAA-мен жүргізілген дайындық жұмыстарының жалғасы саналады. 2024 жылғы 26–30 тамыз аралығында Қазақстанда IASA бойынша алдын ала техникалық шолу жүргізілген болатын. FAA сарапшылар тобының құрамына халықаралық авиациялық құқық, авиация мамандарын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшуды пайдалану салалары бойынша мамандар кіреді.
IASA бағалауы аяқталғаннан кейін FAA ҚАӘ-мен қорытынды брифинг өткізеді, одан кейін қаралған бағыттар бойынша жазбаша есеп ұсынады.
«CAT 1 мемлекеттің әуекомпанияларына АҚШ-қа рейстерді бастау үшін қажетті рәсімдерден өтуге, сондай-ақ америкалық әуе компанияларымен бірлесіп рейстерді пайдалану (code-share) туралы келісімдерге қатысуға мүмкіндік береді», – делінген ресми хабарламада.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, CAT 1-дің болуы өздігінен АҚШ-қа рейстерді орындау үшін жеке рұқсат болып саналамйды: әуекомпания АҚШ-тың басқа да қолданылатын реттеуші талаптарын орындауы тиіс. Қазақстан үшін Category 1 алу FAA тарапынан ұлттық азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесінің IASA бағдарламасы шеңберінде бағаланатын ИКАО-ның қолданыстағы стандарттарына сәйкестігін мойындауын білдіретін болады.