19 июня 2025 г. 11:49

«Қазақстанмен арада ешқандай мәселе жоқ» – Владимир Путин

Фото: Фото: ғаламтордан

Ресей Президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында әлемдік жетекші ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы ерекше қарым-қатынас жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

– Бізде Қазақстанмен ерекше қарым-қатынас орнаған. Мұны бәрі жақсы түсінеді. Бұл – одақтастық қарым-қатынас сөздің тура мағынасында. Ортақ тарихымыз, бір мемлекеттің құрамында болғанымыз, адамдар арасындағы жеке әрі гуманитарлық деңгейдегі терең байланыстар – мұның бәрі аса маңызды, – деді В.Путин.

Ресей президенті Қазақстанның ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сынды іргелі интеграциялық бірлестіктердің мүшесі екенін айтып, бұл фактор екіжақты байланыстарды нығайтуға ықпал етіп отырғанын атап өтті.

– Бұл біз үшін аса маңызды бағыттағы өзара іс-қимылды дамытуға жағдай жасайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Бұл да елеулі фактор. Осы тұрғыдан алғанда да біз ынтымақтастықты жалғастырамыз, – деді Ресей Президенті.

Ол Қазақстанмен қарым-қатынаста ешқандай кедергі көріп тұрмағанын айрықша атап өтті.

–Тағы да атап өткім келеді: Қазақстан – біз үшін ең жақын мемлекеттердің бірі. Бұл – біздің одақтасымыз. Қарым-қатынастарымыздың дамуына кедергі келтіретін ешқандай мәселе көріп тұрғаным жоқ, тіпті ешқандай, – деді В. Путин.

Фото: ғаламтордан

Сондай-ақ, ол Мәскеу мен Астана ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздестіруді жалғастыратынын айтты.

– Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен үнемі кездесіп тұрамыз. Ол бізге келеді, мен де Қазақстанға үлкен ықыласпен барамын. Үкімет, министрліктер, соның ішінде Сыртқы істер министрліктері деңгейінде кеңес беру және өзара іс-қимыл үздіксіз жүріп жатыр, – деп түйіндеді Ресей Президенті.