Қазақстанға кіру шетелдіктер үшін енді 4 мың теңге болуы мүмкін бе?

Қазақстанда шетел азаматтарына арналған QazETA цифрлық платформасы пилоттық режимде іске қосылды. Жүйе арқылы визасыз режиммен келетін шетелдіктер Қазақстанға кіруге электрондық рұқсат – ETA рәсімдей алады.

depositphotos

Астана, NEGE. Алайда оның нақты қашан міндетті болатыны мен қанша тұратынына қатысты ақпарат әзірге әртүрлі. 

QazETA туралы жаңа талқылауға Сербия Сыртқы істер министрлігі жариялаған ақпарат себеп болды. Ведомство өз азаматтарына Қазақстанға кірудің жаңа тәртібі туралы ескертіп, электрондық рұқсаттың болжамды құнын және жүйені енгізу кезеңдерін көрсетті.

Сербия СІМ мәліметінше, Қазақстанға сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын электрондық өтінім берген жағдайда рұқсат шамамен 8 еуро немесе 3,9 мың теңге тұрады. Ал оны тікелей шекарада рәсімдеу құны екі есе жоғары – шамамен 16 еуро немесе 7,8 мың теңге болуы мүмкін.

Сербия мен Қазақстан арасында визасыз режим бар. Сондықтан жаңа талап виза енгізуді білдірмейді. ETA – визадан бөлек, Қазақстанға кіруге алдын ала берілетін электрондық рұқсат. Сербия СІМ QazETA жүйесінің 25 тамыздан бастап тестілік режимде іске қосылғанын және оны бес кезеңмен енгізу жоспарланғанын хабарлады. Олардың мәліметінше, 1 қарашадан бастап рұқсат әуе көлігімен келетіндер үшін, 15 қарашадан бастап ЕАЭО-ның сыртқы құрлық шекаралары арқылы кіретіндер үшін міндетті болмақ. 30 қарашадан бастап талап ЕАЭО-ның ішкі шекараларына, оның ішінде Ресей және Қырғызстан бағыттарына, ал 15 желтоқсаннан бастап теміржол және теңіз өткізу пункттеріне таралады.

Алайда Қазақстандағы кейбір жарияланымдарда соңғы кезеңдерге қатысты басқа мерзімдер де көрсетілген. Сондықтан QazETA-ның міндетті түрде енгізілуінің нақты күндері Қазақстанның уәкілетті органдары тарапынан қосымша нақтылануы қажет.

Бұл тек Ресей азаматтарына қатысты ма?

Жоқ. Әлеуметтік желілерде, соның ішінде Threads желісінде жаңа талап тек Ресей азаматтарына енгізіліп жатыр деген пікірлер айтылып жатыр. Алайда Қазақстанның ресми ресурстарындағы мәлімет бұлай деуге негіз бермейді. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратында ETA Қазақстанға визасыз кіру тәртібі белгіленген елдердің азаматтарына арналғаны көрсетілген. Яғни жаңа жүйе тек бір мемлекеттің азаматтарына бағытталмаған.

Сербия СІМ-нің өз азаматтарына осындай ескерту жариялауы да соны көрсетеді. Сонымен бірге серб ведомствосының мәліметінде жүйенің ЕАЭО-ның ішкі шекараларына да таралатыны айтылған.

Заңда не өзгерді?

QazETA жүйесінің құқықтық негізі биыл жазда қаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24 маусымда цифрландыру, дербес деректерді қорғау және басқа мәселелер бойынша заңнамалық өзгерістерге қол қойды. Соның аясында «Халықтың көші-қоны туралы» заңға «Қазақстан Республикасына кіруге арналған электрондық рұқсат» ұғымы енгізілді.

Заң бойынша электрондық рұқсатты ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органымен келісіп береді. Сондай-ақ оны рәсімдеу үшін төлем алынатыны бекітілген. Ал төлемнің нақты мөлшері мен тәртібін Үкімет айқындауы тиіс.

ІІМ бұған дейін QazETA-ны кезең-кезеңімен енгізу 2026 жылғы тамыз-желтоқсан аралығында жүргізілетінін хабарлаған. Тамызда тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға да шығарылған.

QazETA қазір міндетті ме?

Қазақстанның ресми ресурстарында QazETA қазіргі уақытта пилоттық режимде жұмыс істейтіні көрсетілген. Платформада электрондық виза, ETA, электрондық резидент мәртебесі және мемлекеттік шекарадан өткені туралы анықтама секілді қызметтер қолжетімді.

ETA алу үшін шетел азаматы Қазақстанға сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын мобильді қосымша арқылы өтінім беруі керек. Рұқсаттың жарамдылық мерзімі – 180 күн.

Бірақ 180 күн Қазақстанда сонша уақыт немесе автоматты түрде 90 күн болуға рұқсат беріледі дегенді білдірмейді. Қазақстан СІМ мәліметінше, шетелдіктің ел аумағында нақты қанша уақыт бола алатыны қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес анықталады. Сондай-ақ ETA-ның болуы Қазақстанға кіруге автоматты түрде кепілдік бермейді: түпкілікті шешім шекаралық бақылау кезінде қабылданады.

Еліміздің ІІМ электрондық рұқсаттың 8 және 16 еуро көлеміндегі тарифтерін ресми түрде жариялаған жоқ. Баспасөз қызметіне жүгінген едік, ресми сауал жолдауымызды сұрады.