Қазақстанға Иран жақтан аптап ыстықтың кезекті толқыны келе жатыр
«Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша 5-7 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Астана, NEGE. Синоптиктердің хабарлауынша, батыс және оңтүстік өңірлердің тұрғындарын аптап ыстықтың кезекті толқыны күтіп тұр.
«Иран аумағынан келетін жылы ауа массаларының әсерінен еліміздің батысында ауа температурасы 34-39°С-қа дейін, ал оңтүстігінде 37-42°С-қа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады», – делінген ауа райы болжамында.
Солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронтальды жүйелер Қазақстанның солтүстігі мен шығысында ауа райына ықпалын сақтайды. Осыған байланысты бұл өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Болжамға сәйкес, Солтүстікте күн райы жайлы болады, күндізгі уақытта бұл өңірде термометр бағаны 22-27°С-ты көрсетеді.