Қазақстанға есірткіні тәтті ретінде әкелмек болған 20 жастағы қыз 16 жылға сотталды
Астанада есірткі контрабандасы мен оның заңсыз айналымына қатысы бар екі қазақстандыққа сот үкімі шықты.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Бас көлік прокуратурасы хабарлады.
Ведомство ақпаратынша, 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан есірткі жеткізген. Ол жалпы салмағы 4,7 кг каннабис экстракты салынған екі шабаданды тәттілер ретінде көрсетіп, шекарадан алып өтпек болған. Алайда есірткі елордалық әуежайға ұшып келген бойда анықталып, тәркіленді. Сот оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Екінші іс бойынша айыпталған 39 жастағы ер адам есірткіні Таиландтан Қазақстанға пошта қызметі арқылы жіберуді ұйымдастырған. Ол есірткіні 2024 жылдың көктемінде халық тұтынатын тауарлар ретінде жіберген. Бұл партияны алушы үш адам бұған дейін әртүрлі мерзімдерге сотталған болатын. Есірткіні жіберушіге іздеу жарияланып, ұсталғаннан кейін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.