«Қазақстанға Алланың азабы керек»: желіде халқына қарғыс тілеген мұғалім кешірім сұрады
Желіде Қазақстанға Алланың азабы мен күйреу тілеген пікір қызу талқылануда. Бұған оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың хиджабқа қатысты мәлімдемесі себеп болған.
Астана, NEGE. Әлеуметтік желідеге оқушылары хиджаб киіп келген жеке мектептер лицензиясынан айырылатыны туралы министрдің түсіндірмесіне қатысты жазбаға желі қолданушыларының бірі қарғыс сипатында пікір білдірген.
«Қазақтарға, Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла, күйретші. Әмин!» – деп жазған желі қолданушысы.
Пікір авторы Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында информатика пәнінен сабақ берген Жарқын Әбдікәрім есімді мұғалімі екені анықталды.
Кейін мұғалім желідегі пікірін ашу үстінде жазғанын айтып, халықтан кешірім сұрап, жұмыстан өз еркімен кететінін мәлімдеді.
«Иманды болғаннан кейін бе, ақпарат орамалға қатысты болғаннан кейін бе, бірден эмоцияға беріліп кеттім, сол себепті ғана жаздым. Қазақ елінен кешірім сұраймын. Өз елімді жақсы көремін, өз елімнің патриотымын, еліме ешқандай қарғыс тілемеймін. Елімнің биік шыңдардан көрінгенін тілеймін» – деп ақталды мұғалім журналист Айсұлтан Мұхамедиярұлына берген пікірінде.
Сондай-ақ мұғалім оқушылар арасында дінді насихаттамайтынын атап өтті.
Қарағанды облысының полиция басқармасы мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты ақпарат тексеріліп жатқанын хабарлады.
Еске салсақ, Үкіметте журналистер оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан «Кейбір жекеменшік білім беру ұйымдарында оқушылардың діни киім үлгісімен жүруіне рұқсат берілуі қаншалықты заңды?» деген сауал қойған еді. Бұған министр бірыңғай мектеп формасы бар екенін, барлық мектеп осы талаптарға сай болуы керек екенін айтып жауап берді. БАҚ өкілдері хиджаб киюге қайтадан рұқсат берген мектептерге қандай шара қолданылатынын сұрағанда, министр мұндай мектептерді лицензиядан айыру тетігі қарастырылып жатқанын атап өтті. Министрдің бұл мәлімдемесі ел арасында қызу талқыға ұласты.