Қазақстандықтарға өзіне ыңғайлы кестемен жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі

ҚР Еңбек кодексіне «Жылжымалы жұмыс кестесі» туралы жеке бап енгізу ұсынылды. Бұл туралы Мәжілістің қарауына енгізілген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE.  Парламенттің төменгі палатасының талқылауына берілген құжатта ҚР Еңбек кодексіне өзгермелі жұмыс кестесі туралы жеке бап енгізу ұсынылған.

«Жұмыс беруші жұмыс тәртібінің ережелерінде жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, жұмыс кестесінің күн сайынғы ұзақтығының 11 сағаттан аспайтын шектеулерін сақтай отырып, жұмыс кестесінің ұзақтығы әртүрлі аптаның әртүрлі күндеріндегі жұмыстың жылжымалы кестесін белгілеуге құқылы. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін орташа белгіленген, бірақ тоқсаннан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы сақталуға тиіс кезең – жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есептік кезең деп танылады», - делінген жаңа бапта.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, икемді жұмыс кестесімен қызмет етудің талаптары мен қағидасы еңбек шартын жасау кезінде бекітіледі.

«Бүгінгі таңда іс жүзінде жылжымалы жұмыс кестесі барлық жерде қолданылады және ұсынылған түзету осы жұмысты заңнамалық реттеуге бағытталған», - делінген енгізілгелі отырған бапқа берілген министрлік түсіндірмесінде.