Қазақстандықтарға Малайзияға кіруге рұқсат берілмеу жағдайы жиілеген: СІМ мән-жайды түсіндірді
Соңғы уақытта Қазақстан азаматтарына Малайзияға кіруге рұқсат берілмеу жағдайлары жиілеген. Сыртқы істер министрлігінің түсіндіруінше, бұған қазақстандықтардың визасыз режим шарттарын сақтамауы себеп болған.
Астана, NEGE. Қазақстандықтар үшін Малайзияға 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз режим белгіленген. Алайда «визаран» (visa run) тәсілін қолдану арқылы режим шарттарын бұзған азаматтар қарасы көбейген. Олар рұқсат етілген 30 күндік мерзімді қайта бастау мақсатында көрші елге қысқа уақытқа шығып, дереу Малайзияға қайта оралуды әдетке айналдырған. Осылайша қысқа мерзімді оқу курстарынан өту немесе емделу үшін Малайзияға ұзағырақ мерзімге қалатын қазақстандықтар көбейген.
«Мұндай тәсілмен елде болу мерзімін ұзарту Малайзияның көші-қон заңнамасының талаптарын бұзушылық болып саналады және елге қайта кіруге кепілдік бермейтінін ескертеміз», – делінген СІМ хабарламасында.
Министрлік ақпаратынша, биыл Малайзия шекаралық бақылауды күшейткен. Шетел азаматының елге кіруіне рұқсат беру туралы шешімді Малайзияның иммиграциялық органдары паспорттық бақылаудан өту кезінде тікелей қабылдайды.
«"Визаран" жасауға әрекеттенген жағдайда азамат ұсталып, әуежайдағы шетелдіктерді уақытша ұстау иммиграциялық орталығына орналастырылып, кейіннен Малайзия аумағынан депортациялануы мүмкін», – деп ескертті ведомство өкілдері.
Бұл ретте Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды визасыз болудың белгіленген мерзімдері мен шарттарын қатаң сақтауға, иммиграциялық талаптарды алдын ала нақтылауға және сапар мақсатын ескеруге шақырады.
Иммиграциялық бақылаудан өту кезінде сапардың нақты мақсатын көрсету, сондай-ақ елде заңды түрде болуға рұқсат етілген мерзім шегінде Малайзиядан әрі қарай ұшуға арналған авиабилеттерді алдын ала сатып алуды және сапардың мақсатын, тұратын жерін әрі болжамды мерзімін растайтын құжаттарды міндетті түрде өзіңізбен бірге алып жүру қажет.
Әсіресе бұл ақпаратқа тілдік және өзге де білім беру бағдарламаларынан өту үшін балаларымен бірге шетелге шығатын азаматтар ерекше назар аударуы қажет екені атап өтілген.