19 января 2026 г. 17:27

Қазақстандықтардың Instagram-дағы жеке дерегі тарап кеткен

Фото: freepik.com

Таяуда Instagram желісіне тіркелген 17,5 миллиондай қолданушының жеке дерегі – аты-жөні, электронды пошта мекенжайы, телефон нөмірі тарап кеткені жөнінде хабарлама жарияланды. Олардың арасында Қазақстан азаматтарының да деректері кездеседі.

Астана, NEGE. Бұл ақпаратты «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ BES.media басылымына растаған.

Бұған, мамандардың айтуынша, географиялық сипаттамалар, халықаралық «+77» коды бар телефон нөмірлері, «.kz» домендік аймағындағы электронды пошта мекенжайлары дәлел.

Алайда деректердің таралуын растау немесе жоққа шығару мақсатында Meta корпорациясына немесе Instagram әкімшілігіне ресми сұрау жолданбаған.

Мемлекеттік техникалық қызмет мамандарының пікірінше, егер деректер тарап кеткені расталса, Қазақстан азаматтарына мынандай қауіптер төнуі мүмкін:
• фишингтік шабуылдар;
• телефон арқылы жасалатын алаяқтық;
• әлеуметтік инженерия әдістерін қолдану арқылы жасалатын шабуылдар;
• аккаунттарға рұқсатсыз кіруге талпыныстар.

Қауіп-қатерлерді азайту үшін сарапшылар мынадай шара қабылдауды ұсынады:
• аккаунттардың қорғалу деңгейін күшейту;
• екі факторлы аутентификацияны қосу;
• күрделі әрі бірегей құпиясөздер пайдалану;
• күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға мұқият болу.

Бұған дейін Meta компаниясы бұл жайт үшінші тұлғалардың құпиясөзді қалпына келтіру жөніндегі сұрауларды рұқсатсыз жіберуінен болғанын мәлімдеген. Бұл ретте компания өкілдері ішкі жүйелерге нұқсан келмегенін және пайдаланушылардың аутентификациялық деректері тарап кетпегенін атап өткен.