Қазақстандықтардың ағылшын тілін білу деңгейі «өте төмен» деп бағаланды
Қазақстан ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша әлемнің 117 елі мен аймағының ішінде 99-орында тұр. Education First (EF) халықаралық ұйымының 2026 жылғы индексінде еліміз 424 балл жинаған.
Астана, NEGE. EF English Proficiency Index 2026 есебіне сәйкес, Қазақстан 117 ел мен аймақтың арасында 99-орын алды. Елдің көрсеткіші – 424 балл. Бұл «өте төмен» (Very Low) деңгей санатына жатады.
Соған қарамастан, Қазақстан былтырғы нәтижесімен салыстырғанда 7 балға ілгерілеген. 2025 жылғы көрсеткіш 417 балл болған.
Зерттеу нәтижесі қазақстандықтар үшін ағылшын тіліндегі мәтінді оқып түсіну сөйлеу мен тыңдауға қарағанда жеңілірек екенін көрсеткен.
Зерттеу дерегіне сүйенсек, Қазақстанда ағылшын тілін меңгерудің төрт дағдысы арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ең жоғары нәтиже оқу дағдысынан тіркелген – 450 балл. Жазу көрсеткіші – 438, сөйлеу – 437 балл. Ал тыңдалым ең әлсіз бағыт болып шыққан. Бұл дағды бойынша ел көрсеткіші – 397 балл.
Алматы – елдегі көшбасшы қала
EF есебінде Қазақстан өңірлері мен қалаларының көрсеткіштері де берілген. Ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша Шығыс Қазақстан облысы 455 балмен өңірлер арасында алда тұр. Ал қалалар ішінде Алматы 467 балл жинап, бірінші орынға шыққан.
Астана тұрғындарының көрсеткіші – 464 балл. Бұл республикалық орташа деңгейден 40 балға жоғары.
Жас ерекшелігіне қатысты деректер де назар аудартады. Қазақстанда ағылшын тілін ең жақсы меңгерген топ – 26-30 жас аралығындағы азаматтар. Олардың орташа көрсеткіші 464 балл болған.
Әлемдік рейтингте кімдер көш бастап тұр?
2026 жылғы рейтингтің алғашқы үштігіне Швеция, Австрия және Дания енді. Швеция 615 балмен бірінші орынға шықса, Австрия 613 баллмен екінші, Дания 612 баллмен үшінші орынға жайғасты. Германия (611 балл) мен Нидерланды (609 балл) үздік бестікті түйіндеді.
Орталық Азия елдері арасында Түрікменстан 476 балмен 71-орында тұр. Қырғызстан 445 балмен 90-орынға жайғасқан. Қазақстаннан кейін Өзбекстан (421 балл) 101-орында, ал Тәжікстан (405 балл) 110-орында тұр.
Рейтингтің соңғы үштігіне Кот-д’Ивуар (399 балл), Камбоджа (397 балл) және Сомали (395 балл) енген.
EF сарапшыларының пікірінше, ағылшын тілін оқытуда мәтінді түсіну мен грамматикаға ғана емес, ауызша қарым-қатынасқа да көбірек көңіл бөлу қажет.