Қазақстандықтардың 85,7%-ы Тоқаевқа сенім білдіреді
Қазақстандықтардың 85,7%-ы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіреді. Бұл туралы Демократия институты 2026 жылғы 20 шілде мен 6 тамыз аралығында жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесінен мәлім болды.
Астана, NEGE. Зерттеуге еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласынан – Астана, Алматы және Шымкенттен 18 жастан асқан 8 мың респондент қатысты.
Сауалнама нәтижесі бойынша, Президентке ең жоғары деңгейде сенім білдіргендер – 18-29 жастағы азаматтар. Олардың 90,1%-ы Мемлекет басшысына «иә» немесе «иә деуге болады» деп жауап берген.
«Халықтың Мемлекет басшысына деген жоғары сенімі мемлекеттің даму бағытын жоғары деңгейде қолдауымен тығыз байланысты. Қазақстандықтардың басым бөлігі ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды. Атап айтқанда, респонденттердің 81,5%-ы мемлекеттің даму бағытын қолдайтынын білдірді», – делінген зерттеу қорытындысында.
Сондай-ақ бұл көрсеткіш бойынша да жастар алдыңғы орында: 18-29 жастағы респонденттердің 85,4%-ы елдің даму бағытын қолдайтынын айтқан. Ал 60 жастан асқан азаматтар арасында бұл үлес 76,9%-ды құраған. Жоғары білімді азаматтардың арасында Қазақстанның даму бағытын қолдайтындардың үлесі 86%-ға жеткен.
Зерттеу авторларының мәліметінше, Президентке сенім артқандар мен елдің даму бағытын қолдау көрсеткіштерінде ерлер мен әйелдер, сондай-ақ қала мен ауыл тұрғындары арасында елеулі айырмашылық байқалмаған.