Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы қарыз бен кредитке батқан
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы несиеге қатысты жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 72,7%-і несиесі немесе қарызы бар екенін айтса, олардың жартысына жуығы ай сайынғы табысының 50 пайыздан астамын несиесін төлеуге жұмсайтынын мәлімдеген.
Астана, NEGE. Зерттеу нәтижесі халық арасында несие алу кеңінен тарағанын көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 33 пайызы бірнеше несиесі бар екенін көрсетсе, ал 39,7 пайызы қазіргі таңда бір несиесі немесе қарызы бар екенін атап өткен.
«Demoscope зерттеуі несие жүктемесі қазақстандықтар арасындағы негізгі қаржылық мәселенің бірі екенін көрсетті, халықтың едәуір бөлігінің несиесі немесе қарызы бар және олар оны өтеуге ай сайынғы табысының айтарлықтай бөлігін жұмсайды. Тұтыну несиесі мен бөліп төлеу мейлінше кең тараған, оны көбінесе тұрмысқа қажет техника алуға, баспанасын жөндеуге және сол сәтте туындаған қажеттілікті өтеуге жұмсайды», – дейді зерттеу авторлары.
Респонденттердің 70,4 пайызының тұтыну несиесі бар екені анықталған. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (45,7%) бөліп төлеу қызметін пайдаланатынын айтса, 22,1 пайызы туыстарынан, достарынан немесе ломбардтан қарыз алған, 14,4 пайызы автокөлік несиесін, ал 13 пайызы ипотека төлейтінін жеткізген.
Зерттеуге сәйкес, несие немесе қарыз көбіне тұрмысқа қажет техника алу (24,2%) мен баспана салу немесе жөндеу (18,9%) мақсатында алынған. Ал респонденттердің 17,4 пайызы жалақыға дейін ақша жетпейтіндіктен несиеге немесе қарызға кіруге мәжбүр болғанын жеткізген.
Айта кетейік, сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысқан.