Қазақстандықтарды Украинадан эвакуациялау шаралары аяқталды

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі қазіргі кезде репатриация ұшақтарымен азаматтарды эвакуациялау аяқталғанын хабарлады, деп жазады елшіліктің Telegram-арнасы.

Астана, NEGE.  «Құрметті Қазақстан Республикасының Украинадағы азаматтары, Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі 2022 жылғы 28 наурыздағы жағдай бойынша Катовице қаласынан (Польша) жеті эвакуациялық рейс орындалғанын хабарлайды. Украинадан 900 Қазақстан азаматы эвакуацияланып, олардың 743-і Қазақстанға оралды.

Қазіргі кезде азаматтарды репатриация ұшақтарымен эвакуациялау аяқталды. Жабық елдімекендерде қалып қойған және көрсетілген рейстермен Украинадан шыға алмаған азаматтардың өтініштері жеке тәртіпте қаралады», - делінген Елшілік хабарламасында.

Еске сала кетсек, 28 наурызда Катовице қаласынан бортында Қазақстан азаматтары бар жетінші репатриациялық рейс ұшты. Сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыдан Польшаның Катовице қаласына Украина азаматтары үшін гуманитарлық көмектің кезекті партиясы салынған арнайы рейс ұйымдастырды.