Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағының 100%-ын сенімгерлік басқаруға бере алады
БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы енді зейнетақы жинағының 100 пайызын басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады, деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Астана, NEGE. Депутат 25 маусымда Сенаттың осы түзетулерді мақұлдағанын еске салып өтті. Оның мәлімдеуінше, бұл өзгерістер әрбір азаматқа зейнетақы жинағын Ұлттық банктің басқаруында қалдыру немесе оларды арнайы ұйымдардың сенімгерлік басқаруына беру таңдауын ұсынбақ.
Қазіргі уақытта зейнетақы қаражатының басым бөлігі Ұлттық банктің басқаруында. Ол қаржының едәуір бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарға және мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға инвестицияланады. Дегенмен, депутаттардың пікірінше, мұндай инвестициялар белсенді нарық әкелуі мүмкін жоғары кірісті әрдайым қамтамасыз ете бермейді.
«Бұрын жеке басқарушы компанияларға жинақтың тек 50%-ын ғана беруге болатын. Енді бұл шектеу алынып тасталады: сіз өз капиталыңыздың 100%-ын кәсіби мамандардың басқаруына сеніп тапсыра аласыз немесе бұрынғы қалпында қалдыра аласыз. Таңдау – әр азаматтың өз еркінде», – деп түсіндіреді мәжілісмен Telegram-дағы жеке арнасында.
Сондай-ақ бұл өзгеріс, депутаттың түсіндіруінше, тәуекел портфеліне қарай инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік береді. Портфельді қалай бөлу керек екенін де салымшының өзі шешеді: мысалы, 20%-ын жоғары тәуекелді, 30%-ын орташа тәуекелді, ал 50%-ын барынша қорғауды қамтамасыз ететін консервативті құралдарға орналастыруға болады.
Бұл жеке компаниялар арасында бәсекелестік тудырады да, олар жоғары табыстылық көрсетуге ұмтылады, нәтижесінде табыс тиімділігі артады.
«Егер нарық өсіп жатса, жеке стратегиялар мемлекеттік консервативті құралдарға қарағанда әлдеқайда жоғары табыс әкелуі мүмкін. Осылайша, сіз жай ғана орташа көрсеткішке үміт артып отырмай, өз болашағыңыз үшін жауапкершілікті өз қолыңызға аласыз», – дейді Аймағамбетов.
Бұл ретте басқарушы компанияларға салымның номиналды құнын сақтау міндеттемесі жүктеледі. Бұдан бөлек бұл қаржы ұйымдарының қызметін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қатаң түрде бақылайтын болады.