Қазақстандықтар БАӘ-де жүргізуші куәлігін емтихансыз айырбастай алады
2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім күшіне енді.
Астана, NEGE. Келісімге Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденовтің БАӘ-ге жұмыс сапары барысында қол қойылған, деп хабарлайды ІІМ.
Енді Әмірліктерде уақытша жүрген Қазақстан азаматтары жергілікті заңнамаға сәйкес қазақстандық жүргізуші куәлігін пайдалана алады.
Ал БАӘ-ге тұрақты тұруға көшкен қазақстандықтар «B» санаты мен «B1» кіші санаты бойынша теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін айырбастай алады. Дәл осындай тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға көшкен БАӘ азаматтарына да қолданылады.
Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін:
– жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі;
– қолданыстағы тұруға ықтиярхат;
– құжаттың ресми аудармасы;
– медициналық тексеруден өткені туралы анықтама қажет.
Құжат БАӘ-де араб тіліне, ал Қазақстанда қазақ немесе орыс тіліне аударылуға тиіс.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, айырбастау кезінде ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді. Рәсім аяқталғаннан кейін екі елдің құзыретті органдары бір-біріне жүргізуші куәлігінің айырбасталғаны туралы хабарлайды.
Жеңілдетілген тәртіп тек жеңіл автомобильдерді басқаруға арналған «B» санатына және үш дөңгелекті көлік құралдары мен квадроциклдерге арналған «B1» кіші санатына қатысты. Қалған санаттар бойынша жүргізуші куәлігі қабылдаушы елдің заңнамасына сәйкес айырбасталады.
ІІМ шетелге шыққан Қазақстан азаматтарын барған елдің заңдарын, қоғамдық тәртіп талаптары мен жергілікті дәстүрлерді сақтауға шақырды.