3 ноября 2025 г. 15:07

Қазақстандықтар Тұрсынбек Қабатовқа байкот жариялауды ұсынды

Фото: Видеодан скрин

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен оның әйелі Мөлдір Мұқанованың арасындағы отбасылық мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Астана, NEGE. Талқыға себеп болған әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір Мұқанованың журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты. Ол күйеуінің опасыздығы туралы айтып, екеуінің бүгінде екі бөлек өмір сүріп жатқанын мәлімдеді.

Мөлдір Мұқанованың айтуынша, бұл әңгіменің басталғанына 14 жыл болған.

«Әлеуметтік желіде бейтаныс адамнан “Күйеуіңіздің жүрісі туралы білесіз бе? Оның көңілдесі бар” деген хабарлама алдым. Әуелде сенбедім. Көп жылдар бойы “олай болуы мүмкін емес” деп өзімді алдаумен болдым», – деді ол. 

Мұқанованың сөзінше, заңды түрде ажырасқандарына жеті ай болған. Осы уақыт ішінде Тұрсынбек Қабатов балаларымен бар болғаны жеті рет кездескен, ал қыркүйек пен қазан айларында мүлде көріспеген.

«Жақында ғана білдім, балалардың нөмірін бұғаттап тастапты. Қазір “бәрі жақсы, араласып жүр” десем, өтірік айтқан боламын. 10 қазан Тұрсынбектің туған күні. Сол күні ол Instagram арқылы балаларға жазған. Ал WhatsApp-тағы нөмірлері бұғатталған, оны кім істегенін білмеймін. “Қалайсыңдар, жандарым? Неге мені туған күніммен құттықтап, әлеуметтік желіге салмай жатсыңдар?” деп жазған. Қалған жағдай, бұған дейін хабарласпай кеткені оны мазалап жүрген жоқ сияқты», – деді әзілкештің экс-жұбайы.

Ал Тұрсынбек Қабатов Instagram парақшасында бұл мәлімдемеге жауап беріп, балаларымен байланысы үзілмегенін айтты.

«Ардақты ағайын, мен балаларымды ешқашан блокқа қойған емеспін. Мен әрқашан балаларыммен біргемін, оларды жақсы көремін. Осы күнге дейін балаларым үшін еңбек еттім, әрі қарай да еңбектене беремін. Алла денсаулық берсін!» – деп жазды ол.

Қабатовтар отбасындағы жағдай қоғамда үлкен талқылау тудырды. Кейбіреулер бұл – Мөлдір Мұқанованың жақында шығатын фильмінің алдындағы пиар деп санайды. Ал басқалары әзілкешті The Voice Қазақстан жобасынан шеттету мен оның жеке кештеріне бойкот жариялауды ұсынып жатыр.

Айта кетсек, Тұрсынбек Қабатов қараша айында Қазақстанның 17 қаласында және Ресейдің Астрахань облысында жеке шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр.