Қазақстандық оқушылар жасанды интеллект сайысында көш бастады

Қарағандылық оқушылар Artificial Intelligence JoRney жасанды интеллект және деректерді талдау бойынша Халықаралық конференцияның жеңімпазы атанды.

Алматы, NEGE. Қарағанды қаласындағы №2 лицейінің 11 сынып оқушылары Даниил Кикимов пен Вадим Мажитов білім беру саласында технологиялық шешімдерді ұсынды және оқушылардың қызығушылықтарына байланысты контентті дербестендіруге мүмкіндік беретін әзірлемені таныстырды.

Жоба үздік деп танылып, қазақстандық оқушылар «Білім берудегі жасанды интеллект» номинациясында абсолютті жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, зияткерлік жарысқа 100-ден астам мемлекеттен 25 мыңнан астам оқушы қатысты.

Халықаралық конференция Мәскеуде өтіп, оған Ресей Федерациясының Президенті қатысты. Владимир Путин қарағандылық оқушыларға қызықты жоба үшін алғыс айтып, мотивация – білім беру үдерісіндегі табыстың міндетті шарты екенін атап өтті.

«Егер адамның оқитын пәнге деген қызығушылығы болса, онда нәтижеге қол жеткізетініне сенімді бола аласыз. Сіздердің әзірлемелеріңіз оқушылардың бойында мотивацияны, қызығушылықты арттыруға бағытталған. Бұл керемет бастама!», — дей келе, Владимир Путин қазақстандық оқушыларға жылы лебізін білдірді.

Өз кезегінде байқау жеңімпаздары жасанды интеллектті сабақта қолдану оқушылардың мектеп пәндеріне деген ынтасы мен қызығушылығын арттыратынын атап өтті. Вадим мен Даниил олардың мазмұнды жекелендіру алгоритмі білім беру тиімділігін кем дегенде 10-15% арттырады деп санайды.