Қазақстандық салымшы зейнетақы шотынан ақшасы жоғалып кеткенін айтып, шағымданды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысы шоттағы ақшасы жоғалып кеткенін айтып, қор өкілдерінен мән-жайды түсіндіріп беруін талап етті.

freepik.com

Астана, NEGE. Салымшы 10 мың теңгедей қаржысы жоғалып кеткенін БЖЗҚ-дағы ақшасын Отбасы банктегі депозитке арналған шотына аудармақ болғанда байқаған

«Былай қарағанда жинақ қоры инвестициялары инфляцияны да жауып тұрған жоқ. Соның өзінде көз алдыңда қаржы жоғалып жатқанын қалай түсінсе болады?» – дейді салымшы.

БЖЗҚ өкілдерінің түсіндіруінше, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына түсетін зейнетақы жарналары түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

«Инвестициялау нәтижесінде пайда болатын инвестициялық кіріс тұрақсыз,  яғни белгілі бір кезеңге сыйақы мөлшері нақты анықталған банктердің депозиттік шарттарында көзделгендей қатаң белгіленген шама емес. Кіріс мөлшері көптеген факторға, соның ішінде бағалы қағаздардың нарықтық құнына, валюта бағамдарының өзгеруіне және зейнетақы жарналарының мөлшеріне, олардың түсу күніне, әрбір зейнетақы жарнасы үшін инвестициялау кезеңіне және жалпы сомасына байланысты болады. Сондықтан инвестициялық қызметтің нәтижесінде есептелген инвестициялық кірістің мөлшері әр түрлі болуы мүмкін», – делінген қор түсіндірмесінде.

Наурыз айында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы нығайып, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдардың сыртқы басқаруына берілген активтер бойынша нарықтық бағалар төмендеген. Бұл салымшылар шоттарында көрініс тапқан. 

Сондай-ақ зейнетақы қоры өкілдері салымшының зейнетақы жинақтарын алуға берілген өтініштің орындалмауын былай түсіндіреді:

Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған біржолғы зейнетақы төлемі мөлшері ҚР Ұлттық банкінің сенімгерлік басқаруындағы алушының міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі  арасындағы айырма сомасынан аспауы тиіс.

Төменгі жеткіліктілік шегі  – салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотында қалуы тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы. Осылайша, қор мәліметінше, қайта бағалау нәтижесінде инвестициялық шығын есептелген жағдайда, салымшылардың жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары азаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, тиісінше жеке зейнетақы шоттарына бойынша қолжетімді сома азаяды.

Егер біржолғы зейнетақы төлеміне берілген өтініште көрсетілген сома жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан асып кетсе, БЖЗҚ мұндай өтінішті орындауға құқылы емес екені түсіндірілді.

Қазір оқып жатыр

Қызылорда облысында су және кәріз тарифтері 25%-ға дейін төмендеді

Қазақстандық қыздарды Ресейдегі дрон шығаратын зауытқа жұмысқа тартуда – БАҚ

Алматыда бітіру кешіне 200 мың теңгеден жинаған: мектеп директоры жазаланды

Олжас Бектенов орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің дайындығын тексерді