Қазақстандық мамандар қазақша дубляж жасайтын ЖИ ұсынды

Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) қазақ тіліне бейімделген жаңа жасанды интеллект өнімдерін таныстырды.

ISSAI баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) Қазақстанда әзірленген жасанды интеллект технологияларын таныстырды. Институт қазақ тілінде автоматты дубляж жасайтын ISSAI Voice Studio, интернетсіз жұмыс істейтін Qolda тілдік моделін, көптілді аудармаға арналған MangiSoz App және көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған Joldas AI қосымшасын әзірледі.

ISSAI-дың негізін қалаушы директоры Хүсейін Атакан Варолдың айтуынша, бұл технологиялар Қазақстанның тілдік және мәдени ерекшеліктеріне бейімделген.

«ISSAI-дағы басты мақсатымыз – Қазақстанның жасанды интеллект модельдері, өнімдері мен сервистерін жергілікті мамандардың күшімен әзірлеу. Қазақстанның тілдік және мәдени ерекшеліктеріне бейімделген әлемдік деңгейдегі ашық технологияларды әзірлеу арқылы біз жаһандық ЖИ экожүйесіне жай ғана қатысып қоймай, оны өз ұстанымымызбен дамытып, бізбен деңгейлес елдер үшін жаңа үлгі қалыптастырып отырмыз», – деді ол.

ISSAI қандай технологияларды ұсынды?

ISSAI Voice Studio жасанды интеллект көмегімен қазақ тілінде автоматты дубляж жасап, мәтінді табиғи дауысқа айналдырады. Сонымен қатар бірнеше адамның сөзін ажыратып, кездесулер мен сұхбаттардың мәтіндік нұсқасын автоматты түрде дайындай алады.

MangiSoz App сөйлеуді автоматты түрде танып, оны мәтінге айналдыратын және бірнеше тіл арасында нақты уақыт режимінде аударатын қосымша. Қосымша экранды екіге бөліп, әр пайдаланушыға әңгіменің аудармасын ана тілінде көрсетеді. Осылайша екі адам телефонды бір-біріне бермей-ақ еркін сөйлесе алады.

Ал Joldas AI көру қабілеті бұзылған және зағип жандарға арналған. Қосымша смартфон камерасы арқылы қоршаған ортаны қазақ тілінде сипаттап, жол белгілерін, мәтіндер мен заттарды танып, ақпаратты дыбыстық форматта жеткізеді.

Институт сондай-ақ интернетке қосылмай жұмыс істейтін Qolda шағын тілдік моделін таныстырды. Жүйе барлық есептеулерді құрылғының өзінде орындайды. Соның арқасында пайдаланушылар құпия құжаттарды интернетке жібермей өңдей алады.

ISSAI өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі директордың орынбасары Әмина Байкенованың айтуынша, институт әзірлеп жатқан өнімдер нақты өмірдегі мәселелерді шешуге бағытталған.

«Біздің мақсатымыз – технологияны көрсету үшін емес, нақты мәселелерді шешетін ЖИ өнімдерін әзірлеу. Көру қабілеті бұзылған азаматтарға еркін қозғалуға көмектесу, интернетсіз құпия құжаттарды қауіпсіз өңдеу, көптілді қарым-қатынасты жеңілдету немесе қазақ тіліндегі сапалы медиаконтентті кеңейту болсын, осының барлығы жасанды интеллекттің адамдардың күнделікті өмірін жақсартатын тиімді құралға айнала алатынын көрсетеді».

ISSAI мамандарының мәліметінше, MangiSoz App пен Joldas AI қазірдің өзінде пайдаланушыларға қолжетімді және оларды тиісті платформалардан жүктеп алуға болады. Ал ISSAI Voice Studio мен Qolda әзірге тестілік режимде.