Қазақстандық компания Еуроодақ санкциясына ілікті
Еуроодақ қазақстандық United Trading Group компаниясы мен оның директорын санкциялық тізімге енгізді.
Астана, NEGE. Ұйым журналында жарияланған дерекке қарағанда, қазақстандық компания маңызды химиялық затты неміс компаниясынан сатып алып, оны ресейлік компанияларға жеткізген.
United Trading Group компаниясы мен оның басшысы Әлімжан Беков санкция талаптарын айналып өтуге көмектесіп отыр деген күдікке ілініп отыр.
ЕО мәліметінше, немістің UrSeCo Handels GmbH & Co. KG компаниясы Wacker Chemie AG өндіретін жоғары тазартылған хлорсутекті (HCl) Қазақстандағы United Trading Group компаниясына жеткізеді. HCl – жартылай өткізгіш пластиналарды өңдеуде маңызды химиялық зат. Ал United Trading Group өз кезегінде бұл химиялық затты Ресейдің «Сильтрон» және «Электронснаб» компанияларына жеткізеді. Жеткізу тізбегі Польша, Түркия және Қазақстан арқылы өтеді. «Сильтрон» ЖШҚ компаниясы UrSeCo Handels-пен тікелей байланысты, өйткені UrSeCo серіктестерінің бірі «Сильтрон» ЖШҚ-ның негізгі акционерінің әкесі болып келеді.
(ЕО) № 833/2014 регламентіне сәйкес, Еуроодақ операторларына Ресейдегі ұйымдарға HCl экспорттауға тыйым салынған. Осыған байланысты ЕО Әлімжан Беков (ЕО) № 833/2014 регламенті мен 2014/512/CFSP шешімінің талаптарын айналып өтуге жәрдемдесіп отыр деген байлам жасаған.