9 февраля 2026 г. 17:19

Қазақстандық кәсіпкер Көлбаевтың қылмыстық тобын қаржыландырған ба?

Фото: NEGE

Қырғызстанда қамауға алынған қазақстандық кәсіпкер Ануар Жетібаевтың жұбайы Зәуре Телемисова баспасөз мәслихатын өткізіп, күйеуінің жазықсыз қамауда отырғанын айтты.

Алматы, NEGE. Телемисованың айтуынша, оның күйеуі Ануар Жетібаевты 6 тамыз күні Қазақстан–Қырғызстан шекарасынан өту кезінде Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері ұстаған. Оны бірден ҰҚК-нің орталық аппаратына алып кетіп, аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаған.

Атап айтқанда, оның үстінен «қылмыстық топтарды қаржыландыру» бабы бойынша іс қозғалған. Яғни, оған Камчы Көлбаев пен Есбол Жаппасовтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қаржылай көмек көрсетті деген айып тағылған.

«2025 жылдың 6 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін жұбайым тергеу изоляторында қамауда отыр. Алты айдың ішінде бірде-бір рет жауап алынбаған, бірде-бір тергеу әрекеті жүргізілмеген, бірде-бір куәгер де, бірде-бір дәлел де ұсынылмады. Яғни алты ай бойы жәбірленушінің кім екені және не себепті оны алты ай бойы қамауда ұстап отырғаны түсіндірілмеді», – дейді Әнуар Жетібаевтың жары.

Айтуынша, аталмыш мәселеге қатысты өзіне де, адвокатына да, Қазақстан Республикасының консулына да, Қазақстанның елшілігіне де ешқандай түсініктеме берілген емес.

«Күйеуім ұсталғалы бері Қазақстан Республикасының консулдығына да, маған да оның жағдайын көріп, кездесу мүмкіндігі берілмеді. Бұл жерде күйеуімнің құқығы бұзылып отыр», – дейді ол.

Зәуре Телемисованың айтуынша, күйеуінің Камчы Көлбаев пен Жаппасовтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы жоқ. Күйеуінің Қазақстанда фермасы бар, мал шаруашылығымен айналысқан.

«Біздің отбасымыздың Қырғызстан аумағында ешқандай бизнесі, серіктестері жоқ. Соған сәйкес, біз қаржылық қолдау көрсетумен айналыспаймыз және ешқандай қылмыстық топқа қатысымыз жоқ. Менің күйеуім Көлбаевпен мүлдем таныс емес. Ал Жаппасовты біздің ауылдың барлық тұрғыны біледі, ол Қазақстанда жазасын өтеп жатыр. Оларды менің күйеуіммен ештеңе байланыстырмайды. Оған дәлел де жоқ. Болса, осы 6 айдың ішінде көрсетер еді. Күйеуім ешқашан Қазақстанда немесе басқа жерде қылмыстық жауапкершілікке тартылған емес және сотталмаған», – дейді Зәуре Телемисова.

Телемисованың айтуынша, Жаппасовқа қатысты үкімді Қазақстан консулы Бас прокуратураға жолдаған. Кейін оны қырғызстандық тергеушіге берген.  

«178 беттік үкімде менің күйеуіме қатысты ешқандай дерек жоқ. Ол куәгер де, айыпталушы да, немесе сұраққа жауап берген адам ретінде де қатыспаған. Яғни, менің күйеуімнің Жаппасов ісіне еш қатысы жоқ. Бұл ақпаратты біз ҰҚМК тергеушісіне ұсындық. Қазіргі сәтте ол іс материалдарына тіркелді ме, жоқ па білмейміз», – дейді Телемисова. 

Қырғызстанда ұсталған кәсіпкердің отбасы мемлекеттік органдарға өтініштер жолдаған, бірақ жағдай өзгермеген. Зәуре Телемисованың айтуынша, күйеуінің басындағы жағдай – жалғыз оқиға емес.

«Біздің естуімізше, 6 тамыздан бастап Қырғызстанда үш қазақстан азаматы ұсталған. Бұл олар үшін қалыпты жағдай сияқты. Біздің адвокатымыздың айтуынша, Ануарға қолданылған бап Қырғызстанда өте танымал. Оны тек өз азаматтарына ғана емес, шетел азаматтарына да қолданады», – дейді ол.

Ануар Жетібаевтың адвокаты Абзал Қасымжановтың айтуынша, Қырғызстан мен Қазақстанның заңнамасындағы талаптар бір-біріне ұқсас.

«2025 жылғы тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін Ануарға қатысты ешқандай нақты тергеу әрекеттері жүргізілмеген. Қырғызстанның заңы бойынша, егер адамның кінәсін дәлелдейтін қандай да бір деректер болмаса, тергеуші қылмыстық істі тоқтатуға міндетті», – дейді адвокат.

Ануар Жетібаев ұсталған кезде оған адвокат тағайындалмаған.

«Қырғызстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, бұлтартпау шарасын тағайындаған кезде тергеуші ең жеңіл, сәйкесінше қатаң емес шараны қолдануға міндетті. Мысалы, үйқамаққа жіберуі керек. Алайда қазіргі кезде Ануарға ең қатаң шара қолданылып отыр. Ол қазір қамауда және оның мерзімі ұзартылуда», – дейді Абзал Қасымжанов.

Ал заңгер Сәуле Сетимбетованың айтуынша, олар Қырғызстанның президентіне, сол елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, адам құқығы бойынша омбудсменге, Жоғарғы сотына, Бас прокуратурасына, Сыртқы істер министрлігіне, Қырғызстан мен Қазақстан елшілеріне хат жолдаған. Сонымен қатар халықаралық ұйымдарға да жүгінген. Әзірге Қырғызстан тарапы Ануар Жетібаевтың мәселесіне қатысты бірде-бір пікір білдірмей отыр.