Қазақстандық гимнаст әлем чемпионатында қос алтынның иесі атанды
София қаласында (Болгария) өткен көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үшін тарихи жеңіс тіркелді. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлады.
АЛМАТЫ, NEGE. Жарыстың финалдық кезеңінде қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешова керемет өнер көрсетіп, ел қоржынына екі алтын және бір күміс медаль салды. Ол үш финалға да бірінші орынмен жолдама алған болатын және олардың барлығында жүлделі орынға ие болды.
Алдымен Ақмарал доппен орындалатын жаттығуда топ жарып, алтын медаль еншіледі. Артынша лентамен орындалатын бағдарламаның финалында да үздік атанып, екінші алтынға қол жеткізді. Сонымен қатар, ол шеңбермен орындалатын жаттығуда күміс медаль иеленді.
Тағы бір қазақстандық гимнаст Айғаным Рысбек былғары таяқшалармен (булавалар) орындалатын жаттығуда бесінші орынға табан тіреді.
Айта кету керек, Ақмарал Ерекешова — жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық гимнаст. Бұл — отандық гимнастика тарихындағы елеулі жетістік