Қазақстандық ғалым беделді халықаралық сыйлыққа ие болды
Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінің постдокторанты Әсел Шәрімова жас ғалымдарға арналған беделді халықаралық Michael Fullan Emerging Scholar in Professional Capital and Community Award сыйлығының лауреаты атанды.
Астана, NEGE. Ол – осындай марапатқа ие болған бірінші қазақстандық қана емес, бүкіл посткеңестік өңірден алғашқы ғалым, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Әсел Шәрімова соңғы бес жылда Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінде постдокторант ретінде жұмыс істеп келеді. Бұған дейін ол Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде жұмыс істеп, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысқан.
Ол Cambridge University-де білім беру саласы бойынша PhD дәрежесін қорғаған.
«Менің зерттеуім мұғалімдердің виртуалды кәсіби қауымдастықтар аясында кәсіби капиталды қалай қалыптастырып, қалай жұмылдыратынын зерттеуге арналды. Мұнда әсіресе Қазақстан контекстіне басымдық берілді», – дейді ғалым.
Айта кетейік, биыл Michael Fullan Emerging Scholar in Professional Capital and Community Award әлем бойынша тек екі зерттеушіге ғана берілді.