Қазақстандық дәрігерлер ЖИ көмегімен инсульт пен өкпе обырын анықтап жатыр

Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен инсульт пен өкпе обырын ерте анықтайтын технологиялар 400-ге жуық медициналық ұйымға енгізілген. 

magnific.com

Астана, NEGE. Құрылтай депутаты Асылхан Қожахметов медицина саласында жасанды интеллектіні қолдану мен дамытудың құқықтық негіздеріне қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, заң жобасында ЖИ тек денсаулық сақтау технологиялары ұғымы аясында ғана аталып өткен. 

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазірдің өзінде медицина саласында жасанды интеллектінің онға жуық құралы қолданылып жатыр. 

«Инсультті уақытылы анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесі 49 ауруханаға енгізілді. Сонымен қатар өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға көмектесетін технология шамамен 350 емхана мен ауруханада қолданылып жатыр», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Сұлтанғазиев мұндай бағдарламаларды медициналық ұйымдарға енгізу бірнеше кезеңнен тұратынын түсіндірді. Алдымен олардың тиімділігі мен пациенттер үшін қауіпсіздігі тексеріледі. Одан кейін ғана технология жекелеген ауруханаларда пилоттық режимде сынақтан өтеді. Нәтижесі оң болған жағдайда басқа медициналық ұйымдарға да енгізіледі.