Қазақстандық бортсерік қыз Кувейтте жансақтау бөліміне түсті: экипаж жапон энцефалитін жұқтырған болуы мүмкін
Непалдан Кувейтке ұшқан ұшақ экипажының барлық мүшесі белгісіз дертке шалдыққан. Олардың арасында Қазақстанның 25 жастағы азаматшасы да бар. Қазір ол Кувейт ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Астана, NEGE. Алдын ала диагноз бойынша, қыздың миының маңдай бөлігі зақымданған болуы мүмкін. Сондай-ақ дәрігерлер жапон энцефалитіне күдіктеніп отыр.
Бұл жөнінде Қайрат Бермұқанов есімді желі қолданушысы хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстан азаматы бортсерік болып жұмыс істеп жүрген. Непалдан Кувейтке ұшқан рейстердің бірінен кейін экипаждың барлық мүшесінің дене қызуы көтеріліп, басы ауырған. Алайда олардың нақты қандай ауруға шалдыққаны әзірге белгісіз.
Арада бір апта өткенде 25 жастағы қыз жансақтау бөліміне түсіп, екі күн емделген. Жағдайы жақсарған соң ауруханадан шығарылған. Бірақ тағы жеті күн ем қабылдап жүреді, ал жетінші күні оның жағдайы күрт нашарлаған. Қыз айналасын бағдарлай алмай, тіпті өзінің кім екенін, ата-анасын да танымай қалған.
Осыдан кейін Қазақстанның Кувейттегі елшілігі араласып, азаматшаны тауып, қайтадан ауруханаға жатқызуға көмектескен.
Қазір қыз ем алып жатыр. Бейнежазба авторы айналасындағы адамдармен бірігіп науқасқа қолдан келгенше көмектесуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ ол жапон энцефалиті тіркелген елдерге, соның ішінде Непалға барғанда сақ болуға шақырды.