Қазақстандық банктер Шахмұрат Мүтәліпке «Алтыналмасты» сатып алу үшін 1 млрд доллардан астам несие беруі мүмкін

Қазақстан билігі екінші деңгейлі банктерді Шахмұрат Мүтәліпке алтын өндіретін «Алтыналмас» компаниясын сатып алуға көмектесу үшін 1 млрд доллардан астам несие беруге ынталандырып отыр.

Шахмұрат Мүтәліптің желі парақшасынан

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі хабарлады. Агенттік дереккөздерінің ақпаратынша, қаржыландыру ережелері де қайта қаралған.

Мәмілені қаржыландыруға Halyk Bank бастаған бірнеше қазақстандық банк қатыспақ. Дереккөздердің мәліметінше, наурыз айында келісілген мәмілені қаржыландыру үшін Мүтәліпке несие береді. 

Құны шамамен 3 млрд доллар болатын мәміленің қалған бөлігі басқа қаржы көздері есебінен жабылмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Шахмұрат Мүтәліптің үлесі бар Central Asia Resources Holding алтын өндіретін «Алтыналмас» компаниясының ірі акционерлерінің бірі атанғанын жазған едік.

23 қараша күні «Алтыналмас» АҚ-ның ірі акционерлерінің құрамы өзгерген. Енді компанияның ірі акционерлері қатарында Владимир Жұманбаев, нидерландтық Gouden Reserves B.V. және Central Asia Resources Holding Ltd. бар.