Қазақстандық альпинистер алғаш рет Альпідегі «Өлім қабырғасын» бағындырды
Қазақстандық альпинистер Омар Әсербеков пен Григорий Щукин Альпі тауларындағы Эйгер шыңына (3 970 м) Хекмайер бағыты арқылы көтерілді. Бұл әлемдік альпинизмдегі ең әйгілі әрі техникалық жағынан күрделі бағыттардың бірі саналады: 1935 жылдан бері мұнда 60-тан астам адам қаза тапқан.
Астана, NEGE. JASA TEAM командасының мүшелері Альпідегі ең күрделі бағыттардың бірін бағындырған алғашқы қазақстандықтар атанды, деп хабарлайды Алматы әкімдігі.
Шыңға көтерілу екі жарым күнге созылған. Команда биылғы маусымда алғаш болып жолға шыққан. Бұрынғы альпинистердің ізі болмағандықтан, өздері жол салып, жартастарды қардан тазартып отырған.
Бірінші күні қабырғаның үштен екі бөлігін жүріп өтіп, «Өлім бивуагында» шатырсыз, сақтандыру нүктелеріне байланған күйде түнеп шыққан.
Екінші күні ең күрделі техникалық жоғарғы бөлікті еңсеріп, шыңға жетіп, бірден түсуге кірісіп, үшінші күні аман-есен түскен.
Бағыт толық автономды стильде, яғни гидсіз, шерпсіз және алдын ала дайындықсыз өткен. Сегіз мыңдық шыңға ұйымдастырылатын коммерциялық экспедициялардан айырмашылығы, мұнда маршрут бойына сақтандыру арқандары алдын ала ілінбейді. Команда толықтай өз күшіне сүйенді. Бұл альпинизмнің ең талапшыл бағыттарының бірі саналады.
Эйгер Альпідегі «алты ұлы солтүстік қабырғаның» қатарына кіреді.
2025 жылы Әсербеков пен Щукин Пти-Дрю және Гранд-Жорас тауларының солтүстік қабырғаларын да бағындырған болатын.
Осылайша олар бір маусымда бағдарламадағы ең күрделі үш қабырғаны еңсерген алғашқы қазақстандықтар атанып отыр.
Эйгер атауы неміс тілінен аударғанда «адам жегіш» деген мағынаны білдіреді. Оның солтүстік қабырғасы «қатерлі қабырға» деген атауға ие болған. ХХ ғасырдағы баспасөзде бұл бағыт «Өлім қабырғасы» деген атпен кеңінен танылды.
Хекмайер бағыты бойында тік жартастар, мұз алаңдары және қатқан мұз аралас күрделі учаскелер кезектесіп келеді. Биіктік айырмасы шамамен 1800 метр. Бұл қабырға тас құлауы, қар көшкіні және ауа райының кенет өзгеруімен де қауіпті.
Сондықтан Әсербеков пен Щукиннің жетістігі қазақстандық альпинизмнің жоғары деңгейін көрсетеді.