Қазақстанды «гуманитарлық жүк ұрлады» деп айыптады

Күні кеше ғана отандық БАҚ-тың бірқатары «Алматы әуежайына әлемдегі ең үлкен жүк ұшағы Ан-225 қонды» деп жарыса хабарлаған. 14 сәуір күні Eur Asia Daily порталы «украиндық суперұшақтан 150 тонна жүк жоғалды» деп жазды.

«14 сәуірде Қытайдан Варшаваға гуманитарлық жүк әкелген украиндық Ан-225 «Мрия» ұшағының қонуы Польша үшін №1 жаңалық болды. Екі мыңнан астам адам әлемдегі ең үлкен ұшақты көру үшін Шопен атындағы әуежайға жиналды. Осылайша, пандемия кезінде карантин режимі бұзылды. Бірақ басты жаңалық бұл емес, польшалық блогерлерді жүктің көлемі алаңдатты. Олар жолай 150 тонна жүк жоғалған деп есептейді. Ұшақ жолда жанармай құю үшін Алматыға тоқтаған» деп жазды портал.

Польша журналистерінің жазуынша, Варшаваға тек 96 тонна жүк жеткен. Ан-225 250 тонна жүк көтереді. Сонда қалған 150 тонна жүк қайда кеткен?

Бұл мәселеге байланысты Алматы халықаралық әуежайы ресми мәлімдеме жасады. «Алматы халықаралық әуежайынан жүк ұрланды деген хабарға қатысты мына жайтты мәлімдейміз:

1. 12.04.2020 – 14.04.2020 жылы Қытайдан Польшаға бағыт алған Ан-225 «Мрия» жанармай құю үшін Алматыға қонғаны рас;

2. Екі ретте де ұшақты тұраққа сүйреп апару үшін тек тұмсық жағы ашылды;

3. Транзиттік тұрақ кезінде Алматы халықаралық әуежайынан рұқсатсыз жүк түсіру мүмкін емес.Тұмсық жағын ашқан кезде ол жерде әуежайдың түрлі текникалық қызмет өкілдерімен бірге экипаж мүшелері, жүкке жауапты командир және шекара, кеден қызметкерлері де болды. Бұдан бөлек, әуежай аумағы үздіксіз видео бақылауға түсіріледі, жазба бір айға дейін сақталады.

Осы дәлелдерді ескере отырып, польшалық БАҚ жүк көлемін бұрмалағанын байқаймыз. Ан-225 ұшағы 400 тонна емес, 250 тоннаға дейін жүк көтереді.

Белгісіз автор Польшаға негізінен медициналық жеке қорғаныс заттары – маскалар, комбинизондар, т.б. көлемі үлкен болғанымен, салмағы жеңіл заттар жеткізілгенін ескермеген».

Алматы халықаралық әуежайы бұл мәселеге байланысты мәлімдеме жасағанымен, құзырлы органдар әзірге ештеңе айтқан жоқ.  

Қазір оқып жатыр

Атырау облысында дронға ұқсас техниканың бөлшектері табылды

«Шаршап кеттім»: Еркебұлан Тоқтар жеңілістен кейін үзіліс алатынын айтты

Шымкентте дәріханалардағы егу бөлмелерінде 4 адам қайтыс болған

Екінші әйелін шәкіртіне берген Құрбанәлі Ахметке айыппұл салынды