Қазақстандағы ең бай БЖЗҚ салымшысының есепшотында 387 млн теңге жиналған

БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы шотында 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, ең көп қаражат жинаған болашақ зейнеткердің есепшотында 387 547 976 теңге бар. Оның жинағы қаңтар мен маусым аралығында шамамен 7 миллион теңгеге артқан.

gov.kz

Астана, NEGE. Журналист Игорь Неволиннің БЖЗҚ дерегіне сүйеніп мәлімдеуінше, еліміздегі ең бай болашақ зейнеткер – 51 мен 60 жас аралығындағы ер адам. 

Екінші орында да ер адам тұр. 61 жастағы салымшының шотында 180 685 003 теңге жиналған. Дегенмен оның жинағы жарты жыл ішінде 2 миллион теңгедей азайған. Ол жеткіліктілік шегі соңғы рет қайта қаралғанға дейін қаржысының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алған болуы мүмкін деген байлам жасауға болады.

Ал тағы бір салымшы 151 752 008 теңге жинаған. Ол да  41-50 жас аралығындағы ер адам. Қаңтардағы көрсеткішімен салыстырғанда 6 миллион теңгеден астам қаржы қосқан.

Ең бай салымшылардың үздік бестігін екі әйел адам түйіндеген. 51-60 жас аралығындағы әйел салымшының есепшотында 125 908 192 теңге жиналған болса, 41-50 жас шамасындағы тағы бір болашақ зейнеткер әйел 116 722 719 теңге жинақтаған.

Қаңтардағы мәлімет бойынша, аталған жас санаттарындағы әйелдердің ешқайсысының жинағы 100 миллион теңгеге де жуықтамаған. Мәселен, 51-60 жастағы ең ауқатты әйел салымшының жарты жыл бұрынғы жинағы 21,5 миллион теңгедей ғана болған. Ал 41-50 жас санатындағы ең көп жинақтаған әйелдің есепшотында ол кезде 12 миллион теңгеге де жетпейтін қаражат болған.

Әйелдер арасында 61 жастағы, яғни Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасына жеткен тағы бір әйел адам назарға іліккен. Маусым айының басында оның шотында 95 721 470 теңге болған.

Неволиннің пайымдауынша, қаңтарда оның есепшотында 96 131 866 теңге болған. Егер бұл бір адам болса, онда ол не өз жинағынан зейнетақы төлемдерін ала бастаған, не аздаған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алған болуы мүмкін.

Жас салымшыларға келсек 20 жасқа дейінгі санатта ең төменгі жеткіліктілік шегінен (шек – 6 670 000 теңге) асқан  қыз баланың есепшотында 18 596 961 теңге жиналған.

Ал осы санаттағы ең көп қаражат жинаған жігіттің шотында маусым айына қарай 10 525 874 теңге болған.

Жалпы, БЖЗҚ дерегінше, міндетті зейнетақы шоттарында ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын қаражат 30 049 салымшыда бар. Мұндай ауқатты салымшылар ең көп кездесетін жас – 41 жас. Бұл санаттағы жеткіліктілік шегі 13 760 000 теңге деп белгіленген. Жаңа талап бойынша бұл межеден асқан 1 487 адам бар.

Айта кетейік, 6 маусымда БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін жаңартты. Жаңартылған көрсеткіш бойынша 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі – 9,75 млн теңге; 40 жаста – 13,37 млн теңге; 50 жаста – 17,59 млн теңге; 60 жаста – 22,5 млн теңге деп белгіленді. Зейнетақы қорындағы жинақ осы сомадан асқанда ғана оны тұрғын үй алуға немесе емделуге жұмсауға болады.