Қазақстандағы ауасы ең таза қала белгілі болды
Central Asia Climate Foundation қорының сарапшылары Көкшетау қаласын Қазақстандағы ауасы ең таза қала деп атады.
Астана, NEGE. Қор дерегінше, соңғы 10 жыл ішінде қалада атмосфералық ауаның ластану деңгейі тұрақты түрде төмен болып келген.
«Ақмола облысының әкімшілік орталығы – Көкшетау қаласы орман алқаптарымен қоршалған және Қазақстандағы ірі қалалардың ішінде ауасы ең таза қалалардың бірі саналады. Қала аумағында жылу электр орталығы болғанына қарамастан, соңғы 10 жыл ішінде облыс орталығында атмосфералық ауаның ластану деңгейі тұрақты түрде төмен болып отыр», – делінген CASF сайтында жарияланған хабарламада.
Көкшетау қаласының аумағында атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау екі автоматтандырылған ауа мониторингі станциясында іске асырылады. Деректер әр 20 минут сайын 6 көрсеткіш бойынша тіркеледі:
- РМ-2,5 өлшемді қалқымалы бөлшектер;
РМ-10 өлшемді қалқымалы бөлшектер;
азот диоксиді;
күкірт диоксиді;
азот оксиді;
көміртек оксиді.
«Ауаның сапасын бағалау кезінде Атмосфераның ластану индексі (АЛИ) қолданылады. Бұл индекс бірнеше негізгі ластаушы заттың шоғырлануын және олардың адам денсаулығына әсерін ескереді. Индекс тәуліктік немесе жылдық орташа концентрациялар негізінде созылмалы ластану деңгейін анықтауға мүмкіндік береді», – дейді қор өкілдері.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, 2015–2024 жылдар аралығында Көкшетау қаласында ауаның ластану индексі тұрақты түрде төмен деңгейде (АЛИ 1–4) сақталған. Сонымен қатар 2024 жылы мониторинг бекеттерінде зиянды заттардың рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кетудің 677 жағдайы тіркелді. Негізгі ластаушы заттар – қалқыма бөлшектер, азот және күкірт диоксидтері.
Мамандардың айтуынша, Көкшетау қаласында ауаның ластану көздері – өнеркәсіп кәсіпорындары, жылу энергетикасы нысандары және автокөлік құралдары. Қыс мезгілінде көмірмен жылытылатын тұрғын үйлер де ауаның ластануына елеулі әсер етеді екен.
Сарапшылар Ақмола облысындағы атмосфералық ауаның жалпы жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.